Тілдің көркемдегіш тәсілдері

Метафора
Метафора (ауыстыру) – суреттелген затты не құбылысты айқындай түсу үшін оларды сөздеріне ұқсас затқа не құбылысқа балау.
Сөз – жаңбыр, даусым – дауыл, әнім – ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп.

(І. Жансүгіров, «Әнші»)

Кейіптеу
Кейіптеу – табиғат құбылыстарын жандандырып, адам кейпінде суреттеу.
Мөлдіреген «Жетімкөл» көкке қарап,
Мөлдіреген көз жасын тыя алмай тұр.

(М. Мақатаев, «Аққулар ұйықтағанда»)

Метонимия
Метонимия (алмастыру) – өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздерді бірінің орнына бірін алмастыра қолдану.
Үйі мәз боп қой сойды,
Сүйіншіге шапқанға.

(«Абай, «Мәз болады болысың»)

Синекдоха
Синекдоха (мегзеу) – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше қолдану.
Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға,
Бермек болған айғырдың көзі қайда?

(Абай)

Теңеу
Теңеу – заттың не құбылыстың ерекше белгілерін басқа затпен не құбылыспен салыстыра суреттеу.
Келеді желдей зуылдап,
Жеткізбейді Шұбар ат.
Атқан оқтай зырылдап,
Жал-құйрығы суылдап.

(«Алпамыс батыр» жырынан)

Эпитет
Эпитет (айқындау) – заттың не құбылыстың айрықша сипатын, сапасын, белгісін білдіретін суретті сөз.
Алтын күнді, қара жерді сағындым,
Жан-жолдасым – жүйрік желді сағындым.

(М.Жұмабаев, «Сағындым)

Ассонанс
Ассонанс – бірыңғай дауысты дыбыстарды қайталау.
Ашу деген – ағын су,
Алдын ашсаң, арқырар.
Ақыл деген – дария,
Алдын тоссаң, тоқырар.

(Қазыбек би)

Аллитерация
Аллитерация – бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау.
Түніменен түйіндік,
Таң атқанда тарандық.
Таң ағарып атқан соң,
Төңірек жаққа қарандық.

(Махамбет, «Соғыс»)