Ағаш мифологиясы

Миф арқылы тарихты тану

Киеліліктің де киелілігі бар, киеліліктердің тоғысқан нүктесі бар, оны киеліліктің шарықтау нүктесі деуге болады. Осындай нүктеде жоғары мен төмен, батыс пен шығыс, солтүстік пен оңтүстік, әртүрлі сапа мен сипат түйіседі. Бұл – “нөлдік нүктесі”. Мифологияда мұны “Ғалам кіндігі” (ғалам осі – мировая ось) дейді. Ғалам кіндігі мифологияда әртүрлі нақты нысандар арқылы көрсетіле алады, мұндай нысандар қатарына жататындар:

1. Өсіп тұрған ағаш

2. Ағаш баған

3. Тау

4. Жерге шаншылған семсер

5. Отаудағы ошақ пен от, қазан

6. Орда, тақ сияқты т.б.

Бұлардың барлығы – Ғалам кіндігі, осы кіндік арқылы, тік тұрпатты (вертикаль) Ғаламдық өзек (ось) өтеді. Міне осы келтірілген нысандардың ішінде ғаламдық құрылымның “болмыстық” негізгі бейнесі болып өсіп тұрған ағаш (Ғаламдық ағаш – мировое дерево) есептеледі. Ол осы нүктеде өседі.

Нақ осы нүктеде, нақ осы аталған нысандар арқылы адам баласы Аспанмен және Жасампазбен байланыса алады497.

Ғаламдық ағаш та ғаламның кеңістіктік құрылымын бере алады.

Тік тұрпат (вертикаль) бойынша Ғаламдық ағаш үш деңгейден (төменгі – тамыр, ортаңғы -дің, жоғарғы – бұтақтар мен жапырақтар) тұрады, олар реттелген ғаламның вертикаль моделін (тернардық моделін немесе триграмманы) көрсете алады.

Тамырлар – төменгі дүние.

Ағаш діңі – ортаңғы дүние.

Бұтақтары мен жапырақтары – жоғарғы дүние.

Бұл – әрине, ғаламдық ағаш орналасуының бастапқы, идеал мифтік сипаты. Ал кейінгі мифтер мен мифсізденген келтірімдерде (ертегілерде, жырларда, т. б.) ғаламдық аташтың орналасуы басқаша болып шығады; кейбір келтірімдерде ол тек төменгі дүниеде (жер астында, құдық түбінде) орналасса, енді бірінде – жоғарғы дүниеде орналасады.

Ғаламның көлденең құрылымы шеңбер немесе квадрат тұрпатты болып, төрттік жіктелуімен ерекшеленеді: оң – сол, алғы – артқы, солтүстік – оңтүстік, батыс – шығыс. Осындай сипаттама Ғаламдық ағаштың құрылымына да тән, оның көрсеткіштерін, мысалдарын Еуразия халықтарының жазба, таңба-кескіндеме мұраларынан жеткілікті түрде табуға болады498. Ал қазақ фольклорында ғаламдық ағаштың көлденеңдік сипаты сақталмаған десе де болады, оны тек салыстыру және мәтіндік ауанға мән беру арқылы ғана реконструкциялай аламын.

Ғаламдық ағаш – аса маңызды мифтік культ нысандарының бірі. Осы культтің сарқыншақтары мен белгілері барлық дерлік мифологиялық дәстүрлерде бар. Қазақ дәстүрінде де осы культтің сарқыншақтары аз емес.

Ғаламдық ағаш культінің сарқыны қазақ сенімінде де сақталып қалған. “Дерево, одиноко растущее в степи, или уродливое растение с необыкновенно кривыми ветвями служат предметом поклонения и местом ночевок. Каждый проезжая, навязывает на это дерево куски от платья, тряпки, бросает чашки, приносит в жертву животных или же навязывает гриву лошадей”499. Әуелі басқа бір түркі мысалын келтірер болсақ, саха-якут мифіндегі осындай ағаштардың бірі – “Аллукмас” ретінде сахалар орманның шетінде не төбеде (қорған-үйікте) оқшау өсіп тұрған кәрі қайың не самырсын (лиственница) ағашын таңдап, оны қоршап қоятын және қылдан есілген ала жіптерді, мата қиындыларын сол ағашқа байлап қоятын болған. Аллукмасты кесуге, тіпті бұтағын сындыруға болмайды. Осы ағаштың түбінде саха-якуттар Ан-дархан-хотунға құрбандық шалатын болған. Бұл қазақтағы кейбір “әулие ағашқа” (осындай ағашты осы жолдардың авторы Алматы – Кеген жолының бойынан өз көзімен көрген болатын, көрмесе де естіген, оқыған басқа мысалдары да жеткілікті) немесе кез келген қорымдағы әулиенің бейітінің басына шаншып қойылған бағанға мата қиындыларын байлау дәстүріне сәйкес келеді.

Ғаламдық ағаш, өзінің мифтік сипатын баяғыда-ақ жоғалтып алғанына қарамастан, арғықазақтық мифологиядағы “ғаламдық ағаш культінің” аса маңызды орынға ие болғандығының куәгері ретінде ертегілер мен жырларда, жалпы тілде өз нышан-белгілерін сақтап қалған.

Мәселен, батырлық жырларда, ешқандай мифтік салмағы қалмаса да, “жапанда өскен дарақ” тіркесі өзінің үнемі қайталанып отыратын архетиптік табиғатымен көзге түседі.

Жапанда жалғыз дарасың…

Жапанда өскен дара едім…

Жапанда жүрген дарасың…

Жапанда тұрған боз терек,

Жапырағы жайнаған…

Жапанға біткен терегім,

Сағынып көрген керегім…500

Батырды жапанда өскен жалғыз ағашқа (“дарақ”, “дара”, “терек”) сәйкестендірудің тек әдеби-көркемдік тәсіл емес екендігі көрініп тұр емес пе?

Ғаламдық ағаш мотиві, “Қорқыт-ата кітабындағы” оқиғаларға тікелей қатыстырылмағанымен, қорытындылау сөздерде үнемі қайталанып отырады. Мысалы, “Басыңа көлеңке болған биік дарағыңа балта тимесін…”, “Есік алдындағы бәйтерегім кесілгелі не заман…”, “Қураған бәйтерегі қайтадан гүлдеді…”, “Көлеңкелі биік дарағың көктеп көгере берсін…”, “Көлеңкелі дарақтарың кесіліп, қурамасын…”501 деген сөздерден оғыздарда болған ғаламдық ағаш культінің сарқындарын көруге болады.

Sun
Sun
Оцените автора
Добавить комментарий