Абай Құнанбайұлының аудармалары

Тұтқындағы батыр

(М. Ю. Лермонтовтан) Қараңғы үй терезесі — тұтқын орны, Көгерген көктің жүзі ескі формы. Азат құстар аспанда ойнап ұшса, Ұялып қарай алмас мендей сорлы. Тәубә жоқ, дұға да жоқ тентек бойда, Өлең жоқ айтып жүрген талай тойда. Қан ағып, қайрат қылған майдан менен Ауыр қылыш дулыға бірақ ойда. Тас дулыға, тас сауыт киінгенім, Денемді қысып жатыр бүгін менің. Оқ пен қылыш бұзбастай киінсем де, Қайран атым, иең жоқ жалғыз сенің. Уақыттай өзі жүйрік ат мінеміз, Сауыттай шынжырлаулы тереземіз. Тас дулыға болмай ма жатқан үйім, Шарайнам шойын есік бұ да бір кез. Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыр, Денемді сауыт-сайман қысып жатыр. Бұрын сені біреуге көп жұмсап ем, Енді өзіме шақырдым, ажал батыр. 1895

Шегіртке мен құмырсқа

(И. А. Крыловтан) Шырылдауық шегіртке Ыршып жүріп ән салған. Көгалды қуып гөлайттап, Қызықпен жүріп жазды алған. Жаздыгүнгі жапырақтың Бірінде тамақ, бірінде үй, Жапырақ кетті, жаз кетті, Күз болған соң кетті күй. Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ, Өкінгеннен не пайда? Суыққа тоңған, қарны ашқан Ойын қайда, ән қайда? Оныменен тұрмады, Қар көрінді, қыс болды. Сауықшыл сорлы бүкшиді, Тым-ақ қиын іс болды. Секіру қайда, сүрініп, Қабағын қайғы жабады. Саламда жатып дән жиған Құмырсқаны іздеп табады. Селкілдеп келіп жығылды, Аяғына бас ұра: = Қарағым, жылыт, тамақ бер, Жаз шыққанша асыра! Мұның, жаным, сөз емес, Жаз өтерін білмеп пе ең? Жаның үшін еш шаруа Ала жаздай қылмап па ең? Мен өзіңдей шаруашыл, Жұмсақ илеу үйлі ме? Көгалды қуып, ән салып, Өлеңнен қолым тиді ме? Қайтсін, қолы тимепті, Өлеңші, әнші есіл ер! Ала жаздай ән салсаң, Селкілде де, билей бер!

Қасиетті дұға

(М. Ю. Лермонтовтан) Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ, Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ, Қайта-қайта оқысам бір дұғаны, Сөніп қалған жүректе жанады шоқ. Қуаты бар дұғаның қуантарлық, Қапаланған жүректі жұбантарлық. Адам ұқпас бір тәтті лебізінен "Уан" деген естілер ұлы жарлық. Көңілім ауыр жүктен бір құтылар, Кек арылып көкіректен ұмытылар. Адамның баласына ашып жаным, Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар.

Көзінен басқа ойы жоқ

Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі. Сонда да көңілі тым-ақ тоқ, Жайқаң-қайқаң әр несі. Білмейсің десе, жел өкпе, Дейді дағы – тәңірі ісі. Бірінен бірі бөлек пе, Иемнің әділ пендесі? Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі Іштегі кірді қашырса Адамның хикмет кеудесі Наданның көңілін басып тұр Қараңғылық пердесі. Ақылдан бойы қашық тұр, Ойында бір-ақ шаруасы. Кітапты молда теріс оқыр, Дағарадай боп сәлдесі. Малқұмар көңілі – бек соқыр, Бүркіттен кем бе жем жесі? Жүректе айна жоқ болса, Сөз болмайды өңгесі. Тыңдағыш қанша көп болса, Сөз ұғарлық кем кісі.

Мәз болады болысың

Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға, Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға. Күнде жақсы бола ма, Бір қылығы жаққанға? Оқалы тон тола ма, Ар-ұятын сатқанға?! Күлмең қағып қасқайып, Салынып ап мақтанға, Таңқаламын, қампайып Жоқты-барды шатқанға. Үйі мәз боп, қой сойды Сүйіншіге шапқанға. Әуре қылды, салды ойды Үйдегі тыныш жатқанға. Еш нәрсе емес жұбанар, Ақыл көзбен баққанға. Жас баладай қуанар Бір дәмдіні татқанға. Көзі барлар ойының Күлер көтін ашқанға. Қасиетін бойының Бекер төгіп шашқанға. Қуанарлық қыз емес Жылтырауық таққанға. Өзгелерді, біз емес, Түсірмекші қақпанға. Осы да есеп бола ма Ар, абұйыр тапқанға? Миың болса жолама Бос желігіп шапқанға. Бір бес надан, оңбассың, Нансаң, оның қосқанға. Жасық, жаман болмассың, Жамандықтан қашқанға. Ол «болдым-ақ» дей берер, Бұлғақ қағып басқанға. Елең қағып елбірер, Елертіп көзді аспанға. Жайы мәлім шошқаның, Түрткенінен жасқанба. Бір ғылымнан басқаның Кеселі көп асқанға. Одан үміт кім қылар, Жол табар деп сасқанда? Үйтіп асқан жолығар Кешікпей-ақ тосқанға.

Тәтті қыз

Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? Аласы аз қара көзі айнадайын, Жүрекке ыстық тиіп салған сайын, Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын? Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ. Піскен алма секілді тәтті қызды Боламын да тұрамын көргендей-ақ. Егерде қолың тисе білегіне, Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе. Бетіңді таяп барсаң тамағына, Шымырлап бу енеді сүйегіңе.

Домбыраға қол соқпа

Домбыраға қол соқпа, Шымырлатып бір-бірлеп. Жүрегім, соқпа, кел тоқта, Жас келер көзге жүр-жүрлеп. Қайғылы көңілім қайдағы Бұрынғымды жаңғыртар. Қайратты алып бойдағы, Басымды қайғы қаңғыртар. Онан да жылы жүзіңмен Кел, жарым, қара бетіме. Жылы, тәтті жауап айт Іштегі қайғы дертіме. Іштегі ескі жалынды Сөндір жаңа қылықпен. Сөйлесші жақсы, жағымды Мендей көңілі сынықпен. Сынық көңілім көп кешер, Майда қолмен ұстасаң. Көңілге түрлі ой түсер, Әр тереңге нұсқасаң. Күйлі, күйсіз бәйгеге Қажыды көңілім көп шауып. Көп қинамай әрнеге, Енді семірт, жем тауып.

Тоты құс түсті көбелек

Тоты құс түсті көбелек Жаз сайларда гулемек. Бәйшешек солмақ, күйремек, Көбелек өлмек, сиремек. Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек, Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек. Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек.

Жарлы бай

(И. А. Крыловтан) Жаман үйде жалғыз шал, Өзі — кедей, күңіренді. Өзі көрген байлардың Мінезінен жиренді. Өзіне-өзі сөйлейді, Сөйлегенде не дейді: „Обал жоқ осы байларға Мал қызығын көрмеген. Жақсы төсек, тәтті ас жоқ, Жан қадірін білмеген. Салпыл қақты, түн қатты, „Мал-мал!" деді, мал тапты. Байыған сайын күтім жоқ, Пейілі кетті, ант атты. Қартайғанша қақақтап, Бұл тәңірі атқан талмай ма? Иттеніп жүріп өлмей ме, Өлсе, бәрі қалмай ма? Маған бітсе осы мал, Жанымды неге қыстар ем? Мың теңгені бір сомдай Қызығыма ұстар ем. Сән-салтанат жүруім Болар еді татымды. Есітер еді алыс жер Қызықты жомарт атымды. Байлықпен пайдам тигізіп, Сыйлар ем алыс-жақынды. „Сараңның — дәулет — өз соры", Деп айтыпты ақылды. Аузын жимай бір адам Кіріп келді тесіктен,— Жәдігөй ме, шайтан ба?— Әйтеуір әлгі сөзді есіткен. Келе сала сөйлейді: —Байлықты керек қылдың сен. Қылайын деген ісіңді Мен есіттім байлықпен. Сен мына бір ішінде Ділдәсі бар дорбаны ал! Бірін алсаң және бір Ділдә дайын, қолың сал. Санап ала бер дағы, Дегеніңдей бола қал. Қанша керек болса да, Міне дәулет, міне мал. Бірақ, байғұс, айтайын Мұның бір сертін, қатты антын: "Дорба қолда тұрғанда, Ұстауға жоқ бір алтын. Дорбаны әуел дарияға ат, Тойғаныңша ал дағы. Онан соң өзің білесің, Ұстай бер қайтып бар дағы". Дорбаны беріп, жоғалды, Аң-таң қылып байғұсты. Есін жиып алған соң, Дорбаға кедей жабысты. Айтқанындай дорбаға Қолын салды, бірді алды. Және бірі дап-дайын, Есі шығып таң қалды. "Таң атқанша осылай Бере берсе бұл дорба, Талай алтын жиям ғой, Ертең менен бай бар ма?" Қалбалақтап түн бойы, Алып бақты бұл сорлы. Қанша алтын алса да, Тоя алмады ол ғұрлы. Қарайды да алтынға, Қомсынады "аз ғой",— деп, "Қыстау керек, үй керек, Сән-салтанат, расход көп. Азар болса аштыққа Тағы бір күн шыдармын. Алтын ассын есептен, Содан кейін армансыз Қыл дегенін қылармын". Үйіндегі бір нанды Бір ай жеді аз-аздан. Бір күн түгіл, бір айды Ынсап қылмай ол жазған. Дорбаны суға салғалы Дарияға таман жүз барған. "Бүгінше тұрсын, өлмен",— деп, Үйіне қайта апарған. Дорбаны сауып тыныштықсыз Бір ай түгіл, жыл өтті. Алтындай жүзі сарғайды, Қол дірілдеп, әл кетті. Ассыз, сусыз, дерт жеңіп, Өзі де әбден жүдепті. Тоғыз миллион санарда Ажал жетті, күн бітті. Алтын қайда, сөз қайда?! Қу нәпсіден не пайда?

Қазаға ұрынған қара шекпен

(И. А. Крыловтан) Қорасына бір байдың Түнде кірді ұрылар. Қазынасы қайда сондайдың, Аңдығыш, білгіш құрғырлар. Біліп кеп тұрған лапкесін Бұзып, талқан етіпті. Түк қалдырмай әммесін, Үптепті де кетіпті. Қайғысыз жатып, қарны тоқ, Ұйқысы қанып тұрды бай, Тыр жалаңаш, түк те жоқ Лапкесі, үйі айнадай. Есі шықты, көрді де, Ұры иттің қылғанын. Ойбай салды, білді де, Қаса сорлы болғанын. Кешегі елдің бір байын Бір түнде қалай мұнша алу? Ояна келсе, дап-дайын Қайыршы болу, қап салу. Ойбай салды, зарлады, Құр қайғыдан пайда жоқ. Төңіректі шарлады, Ұрыны табар айла жоқ. Қарны да әбден ашады, Ішеріне шай да жоқ. Қайтерін білмей сасады. Осындайлар қайда жоқ? Ағайынын, дос-жарын Жиып алып үйіне, Жылады шағып мұң-зарын, Болыстық қыл деп күйіне. Бәрі ақылды, бәрі есті, Бәрі желдей еседі. — Болмас еді бұл, — десті,— Өзіңнен болды,— деседі. Біреуі айтты: — Лапкеңді Мұнша алысқа салмау ғой, Аулаққа тастап әрнеңді, Бүйтіп ғапыл қалмау ғой. — Аузың күйді аулақтан, Енді жақын салсаңшы. Қабаған біздің мойнақтан Бір күшікті алсаңшы. Бір күшікті сіз үшін Берейін, құда, келтіріп. Жылда талай күшікті Бос қырушы ем өлтіріп. Бөз орнына сөз беріп, Құда, тамыр, дос кетті. Қол ұстамай, көз көріп, Айтқан арыз бос кетті. Ағайынға іс түспек — Ол бір үлкен қарғыс қой. Аларың сонда ең күштеп — "Бишара" менен "байғұс" қой.

Ой

(М. Ю. Лермонтовтан) Қарасам қайғыртар жұрт бұл заманғы, Салқын, қуыс — өмірі я қараңғы. Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ, Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды. Жасынан білер ескі шалдың мінін, Аптық жерін, ақылға кеш енгенін. Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар, Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін. Жамандық жақсылыққа қарар салқын, Долығы тез басылып, қайтар қарқын. Ұлыққа қошеметшіл, құл сықылды, Қатерге аяқ баспас, көрмей артын. Дәл бейне ерте шыққан бүлдіргенше, Суық соғып бүрісер, дәмі енгенше. Көзге де, ауызға да қызығы жоқ, Қызығы — үзілгені бос жүргенше. Пайдасыз ғылымменен ми кептірер, Дос-жарға мақтан етіп, бұлдап көрер: Жақсы сөз, жақын үміт, тәттілікті Кемітер, көңіл қоймас, кекеңкірер. Қуаты қызық қызмет тойларының Қос қыртысын кетірмес ойларының. Лап бергіш, к... айналғыш, қайта ойланғыш Тыянақ оты сөнген бойларының. Келісімді тәтті ой, әр шеберлік Қуантпас ойын қозғап пәлен дерлік. Өз кеудесін өзі аңдып, бой салдырмай, Тоқымдығы бусанбас неткен ерлік? Жек көрер, жақсы көрер — кезі білер, Ашуы, махаббаты босқа сөнер. Жанында суықтық бар бір жасырын, Қаны отты жас күнінде шықпас өнер..

Дұға

(М. Ю. Лермонтовтан) Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің. Сонда сенің отыңды басатұғын, Осы өлең — оқитұғын дұғам менің. Ішінде бір қуаты барға ұқсайды, Тірі сөздің жаны — сол, айрылмайды. Қасиетті нәфәсі¹ желдей есіп, Қайнап тұрған ыстық қан салқындайды. Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей, Көңілден кернеген кек кемігендей — Болады жылауға да, сенуге де, Жүректің басынан у төгілгендей.

Емен мен шілік

(И. А. Крыловтан) Шілік пен емен бір күн сөйлесіпті: — Аллаға, сорлы, неден жаздың? — депті. Торғайға да майысып солқылдайсың, Жел бүлк етсе, тебесің әлпеншекті. Құдай басқа салмасын сен секілді Желмен жерге жығылып, жар сүзбекті. Обалың бір құдайға, байғұс, сенің, Қақтырып қойған мұнша бос селтекті. Қарашы маған, сендей сорлы емеспін, Тау, жартасқа, ұзарып, бой теңестім. Сенің қорыққан дауылың — маған өлкек Маңыма сәуле өткізбей, күнге егестім. Тырп етпес менің күшім жауын, желге, Жапырағым көлеңке талай жерге. Ығыма сені де алып қорғар едім, Иең сені бітірген йен дөңге. — Есіркегіш екенсің, — деді шілік,— Онша сорлы емеспін, тартпа күйік! Сынбаймын майыссам да, солқылдаймын, Желден маған келмейді еш кемшілік. Бүгінгі аман бола ма үнемі аман? Кердеңдікпен деп тұрсың не бар маған. Шалқақтық иілмейтін кімге жаққан, Екпінге ерегіссең, қатер саған. Кавказға бір қап-қара бұлыт мінді, Естіп тұрған кісідей тау күңіренді. Жер-дүниені шаң, тұман қабат басып, Ойнақ қағып, құтырып дауыл келді. Арты бұршақ, алды шаң жел құтырды, Шілік жерге бас ұрды, емен тұрды. Басы көкке, сирағы жерге енсе де, Ақырып долданғанда алып ұрды. Майысқаннан шіліктің несі кетті, Батыр, мақтан күйлеме сен де о ғұрлы.

Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?

(М. Ю. Лермонтовтан) Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда? Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда? Антұрғандық қылығын алла ісі деп, Нандырар қандай сопы, қандай молда? Мені өлтірді-ақ, не пайда осыларға? Менің өмірім оларға қосылар ма? Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен, Өз бойына жапсырып тұшынар ма? Сопысынсын, хақ десін, хақты ұмытсын, Әділетсіз бір жастың басын жұтсын. Қайнап тұрған қанымды ішкенменен, Қаңсыған, қатқан ішін не жылытсын?! Өлтірер, жерге тығар, мола қылмас, Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас, Дірілдеп сол молаға шықса шалдар, Басқыш болып аспанға шығара алмас. Бейкүнә зорлықпенен шыққан жаным Бейішке басшы болар деме, залым! Суық қабір – қайғысыз ұйқы орны ғой, Оңай ма жас өмірден айрылғаным? Мен жаспын, білесің бе жастықты сен? Не қызықты үміт бар ойға келген! Көріп пе ең, я болмаса, ұмыттың ба, Іштегі отты достық пен қастық деген? Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар, Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар? Күндізгі харекеттен босағанда, Өзіңе өзің тиген тәтті түн бар. Сағыныш бар, дүниеде жұбаныш бар, Көңілді көтеретін қуаныш бар. Құлын-тайдай айқасып, ойын салып, Кептерше сүйеніскен демалыс бар. Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі Саған салқын тартқандай, сен – бір кәрі. Болсам деген талапты ұмытқан соң, Құр кеудеге өмірдің несі дәрі? Мен – сен емес, жас күнім жайнап тұрған, Жүректе түрлі талап қайнап тұрған. Сендер сүрдің, мен де өмір сүрмес пе едім? Бір шырақ сөнер, кетер саулап түрған. Есіткелі келдің бе сырымды сен? Олардың мақсаты не – білмеймін мен. Менің ісім өзіңе мәлім шығар, Көңілді түгел айтып болмайды екен. Менің кеудем сендерге сандықпен тең, Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең. Ішін түгел көрген соң өз көзіңмен, Тахқиқ¹ мені күнәкар, қу демес ең. Мейлің өзің, монастырь қылған істі Алла ісі деп көңілінде көрсең күшті. Хақ салған бұл кеудемде бір закон бар, Оны құдай өзгеңнен кем демес-ті. Ақтығымды біледі сол көкірек, Сол законге билеткен біздің жүрек. Алла берген хауіпті осы сырым Көрге бірге өзіммен барса керек. Мен – өлі жан, ешкімді талғамаймын, Рақымсыз билеріңді қарғамаймын. Мен кешерлік сүйтсе де іс қылған жоқ, Разымын деп жалған сөз жалғамаймын. Қазір тірі, дүниеге мен де ортақпын, Осы күн батпай, батып жоғалмақпын. Алдыңдағы асау жас қайнап тұрған Мен болмаспын – бір уыс топырақпын.

Онегиннің Татьянаға жауабы

(А. С. Пушкиннен) Таңғажайып бұл қалай хат, Мағынасы – алыс, өзі жас? Сөзі орамды, әр түрі жат, Және әдепті, және рас. Жас жүректің толқынын дөп Жаза алыпсың толтырып. Бойды жеңіп бұл асыл леп, Тұрды титық көп құрып. Тіл буынсыз, бой – таза гүл, Ақылы артық, ары зор. Ол – перизат, ойла, өзің біл, Не болады болса қор? Ішім өлген, құр денем cay, Босқа үрейім жүр менің. Жарамайды бекер алдау, Теңің емес мен сенің. Пенде көрген бар қызықтың, Бәрін ішкен сұм жүрек. Айныған соң, сен жолықтың, Айтып-айтпай не керек?! Тәтті дүние көңілімнен Кетті менің, нан маған. Енді бізге бір өлімнен Басқа түк жоқ арнаған. Мен – жаралы жолбарыспын, Жұрттың атқан оғы өтіп, Сен есірке, сорлы жаспын, Шын сөзіме рақым етіп. Бала сүйер, жар сүйерден, Түк неме жоқ, тұр денем. Сен – тоты құс бақта жүрген, Қай жерімнен пар келем. Ерге барған ер танымай, Ер қызығын кім көрер. Шығарына жол таба алмай, Қайғыменен босқа өлер. Айнығыш ер тартса салқын, Бал сұрасаң, береді у. Қазымырлап сөздің артын... Қасиеттен бетті жу. Мен – сынық жан, жамағанмен Түзеле алман түрленіп. Теңің емес, біл, саған мен, Не қыласың кірленіп?! Әйел өлмес соқпа дерттен, Сауыға алмас сынған ер. Мен – көмірмін қалған өрттен, Енді рұқсат бізге бер. Сенің өмірің гүлденіп тұр, Есігін тап, көр қызық! Менің өмірім – бір суық сұр, Күзгі күндей тұр бұзық. Бірге туған мен ағаңнан, Шын досыңмын, кем емес. Соққы жедім сұм заманнан, Бір жылы сөз ем емес. Арман етпе, жас күнің көп, Игілік көр, ерге бар! Бұл заманның қашқыны деп, Мен ғарыпты есіңе ал. Менде паңдық, жат мінезден Дәнеме жоқ, жарқыным. Осы жазған барша сөзден Байқалынар бар шыным. Басы қатты, сұм жүрегін Тоқтата алмай кетті де. Сорға біткен көкірегін Сендіре алмай өтті де. Бар денемнің бәрі – бір мұз, Қайрылуға жарамас. Мына дәулет, мына асыл қыз, Болды маған арам ас. Ол – жас ағаш, бір қызыл гүл, Жапырағы жаңғырар. Сорлы Онегин, жолды өзің біл, Қай тарапқа қаңғырар.

Онегиннің сипаты

(А. С. Пушкиннен) Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген. Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген. Кейде паң, кейде көнгіш орныменен, Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен. Кейде үндемей жүрсе де сөзге баяу, От жалындай жауапкер құрбыменен. Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе, "Дем алысым, құмарым – бір сен" десе. Жанын құрбан жолына қылған жансып, Көз қарауы құбылар әлденеше, Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік, Қамыққансыр, қайғырып, орны келсе. Жай, жаңа кісі болып түк білмеген, Қалжыңын білдіртпейді қалай деген. Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек, Кісіге балдан тәтті орны келген. Биттей бойы босаса, сезер сонда, Жастық жеңіп, көңілді шайқағанда. Ғашыққұмар, ақыл мен бойыңды алып, Жылы жауап есітер не қылсаң да. Емінер, "әй" дегізер, дайын қылар, Жүрегің қалай соқса, пайым қылар. Жылы ізін суытпас, дамыл көрмес, Бір оңаша жолығар жер айтқызар. Ел аулақта оңаша қолына алып, Көңіліндегі сабағын айтып тынар. Жасынан көрсе оны ақылы сасқан Не сұрқия жандарың жұрттан асқан. Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста, Өзіне күндес шықса, жол таласқан. Ажуаға, қорлауға тілі орамды, Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан.

Онегиннің Татьянаға жазған хаты

(А. С. Пушкиннен) Құп білемін, сізге жақпас Ескі жара білтелеу. Ақ жүрегің енді ұнатпас, Мезгілі жоқ қай медеу? Ықтиярсыз мұңды сезім Кетті ыршып жолыңа. Мазағыңа бердім өзім, Өз басымды қолыңа. Өлі бойға жан жүгірді, Қайратым құрыш болды, нан. Мұз жүрегім май сықылды Еріп, от боп күйді жан. Қор қылуға құдіреттен, Жүрегіме түсті өрт. Тайды аяғым ескі серттен, Түсті емсіз қатты дерт. Масқаралап мені тағдыр Қылды мазақ, не шара? Менің үшін сен жауап бер, Менде сөз жоқ, бишара. Михрабым1 сен, бас ұрамын, Тіл жете алмас ғүзіріме2 Жетпедім, не жасырамын, Гауһарымның қадіріне. Сен – ағашта піскен алма, Әзір едің, алмадым. Құп кіріптар қылды алла, Әлде мені қарғадың? Он сегіз мың бұл ғаламның Бар тынысы күнде тұр. Мен сықылды сорлы адамның Ықтияры сенде түр. Сен бетіңді әрі бұрсаң, Шықты көзім, болды көр. Жанды аларсың разы болсаң, Біздің орын – қара жер. Тәңірі добы – бұл ғаріп бас, Кетті амалсыз қорлама! Қайта қақты, қайла болмас, Келді, түсті ордаңа. Ақылы бар, ықтиярлы, Пенде теппес өз жарын. Ерік иеде, пенде зарлы, Не білер не боларын? Сорлы адаммын жер жүзінде, Бір қуаныш көрмедім. Не қыласың, ерік өзіңде, Қайғысы асқан шерлі едім. Менің өмірім таянып тұр, Үзілуге әм жаным. Ақ жүзіңді бір көріп құр, Өлсе болмас арманым. Күні ертең бір көрінсең Сорлы асықтың көзіне. Тәңірі үшін шапқатыңмен Нан ғаріптің сөзіне! Не болайын, тез болайын, Ақ жүзіңді көрейін. Бар ма өмірім, қармалайын Жоқ болса мен өлейін. Қорғалап құр өтпе өмір бос, Тағдырыңа қарсы бар. Бір өзіңнен басқа бір дос Таппасаң өл, жүрме зар. 1 Михраб (арабша) —мешіттің төріндегі молда тұратын құбылаға қараған орын. Бұл арада қасиетті орын мағынасында. 2 Ғазір, ғүзір (арабша) – бір істі істеуге мүмкіндік бермеген себеп мағынасында.

Ленский сөзінен

(А. С. Пушкиннен) Барасың қайда, қайда болмай маған, Жас өмір алтын-күміс жарқылдаған. Келер күн келеді екен не дайындап, Қараңғы, қарағанмен болжай алман? Мінеки, келіп қалдық атар таңға, Жарқырап күн де шығар тірі жанға. Табытқа салып алып, әлде мені Апарар сырын білмес бір далаңға.

Көңілдің күйі тағы да(М. Ю. Лермонтовтан) Көңілдің күйі тағы да Өмірсіз жанның алды ішін. Аударды өлең жағына, Нәпсінің сынған қайғысын. Жат жерде елге қосылмай, Сенімді доссыз жалтақтап, Көк қанат бейіш құсындай, Қу ағашқа қонақтап. Ол бұтақтан қозғалмас, Өкіріп дауыл, соқса жел. Өзгеге бола жырламас, Ыстық күнді жоқтар ол. Жанымның жарық жұлдызы, Жамандық күнде жарымсың. Сөз болсын ескі ер сөзі, Кейінгіге қалынсын.

(М. Ю. Лермонтовтан) Көңілдің күйі тағы да Өмірсіз жанның алды ішін. Аударды өлең жағына, Нәпсінің сынған қайғысын. Жат жерде елге қосылмай, Сенімді доссыз жалтақтап, Көк қанат бейіш құсындай, Қу ағашқа қонақтап. Ол бұтақтан қозғалмас, Өкіріп дауыл, соқса жел. Өзгеге бола жырламас, Ыстық күнді жоқтар ол. Жанымның жарық жұлдызы, Жамандық күнде жарымсың. Сөз болсын ескі ер сөзі, Кейінгіге қалынсын.

Татьянаның Онегинге жазған хаты

(А. С. Пушкиннен) Амал жоқ – қайттім білдірмей, Япырмау, қайтіп айтамын? Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын. Талайсыз, бақсыз мен сорлы, Еріксіз аттап ұяттан, Қорлыққа көндім бұл құрлы, Байқалар халім бұл хаттан. Әлімше мен де ұялып, Білдірмен дедім өлсем де. Шыдар ем күйіп, мен жанып, Айында бірер көрсем де. Болмады көріп қалуға, Есітіп біраз сөзіңді. Шыдар ем бір ай жатуға, Ұзақ түн жұмбай көзімді. Қызықтан қашып бұл жерге Көңіліңіз суып келіпсіз. Мәнісін сұрап бірерге, Тілдесе алмаймын еріксіз. Келмесең егер сен бізге, Сау болмас па ем, әлбетте? Болмасам ашына мен сізге, Түспес ем мұндай бейнетке. Асау жүрек қайнамай, Жуасыр ма еді кезінде? Елден бір жақсы сайламай, Бармас па ем ерге өзім де? Өзгеге ешбір дүниеден Еркімен тимес бұл жүрек. Әзелде тағдыр иеден, Қожам – сенсің, не керек. Тіршілігім – құрбандық, Шыдамай сені көргенше. Тәңірімнен келген бұл жарлық, Ием – сенсің өлгенше. Әуелде кірдің түсіме, Ортақтасып өміріме. Толғау салып ішіме, Сол күнде-ақ жақтың көңіліме. Құдайдан болғай деп емі, Құдайыны мол бердім. Көрген жерде-ақ мен сені, "Осы екен ғой – сол" дедім. Жатқан сайын ұйқыға, Дұға оқушы ем, шошынып. Ұнатып мені құлқыңа, Жүруші едің қосылып. Түсімде мені жұбантып, Жылы сөзбен сөйлесіп. Кетуші едің қуантып, Қалушы еді көңіл өсіп. Шыныңды айт, кімсің тербеткен, Иембісің сақтаушы? Әлде азғырып әуре еткен, Жаумысың теуіп таптаушы? Шеш көңілімнің жұмбағын, Әлде бәрі – алданыс. Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс. Не болса да өзімді Тапсырдым сізге налынып. Толтырып жасқа көзімді, Есірке деймін жалынып. Бұл жерде ешкім сырымды Білмейді, айтып не етейін? Жақтырмай бұзсаң нұрымды, Білдірмей күйіп өтейін. Күтемін сізден қайта хат, Қуандырып дертім жаз. Ол болмаса, шынынды айт, Кінә өзімде, өзіме аз. Өз хатыма өз көзім Ұялып, қорқып баға алмас. Кепілім – сенің бір өзің, Бөтен жан несіп таба алмас.

Әм жабықтым, әм жалықтым

(М. Ю. Лермонтовтан) Әм жабықтым, әм жалықтым, Сүйеу болар қай жігіт, Көңілден кеткен соң тыным? Әм сүйіндім, әм түңілдім, Үнемі неткен үміт, Өткен соң бар жақсы жылым?

Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы

(Я. Полонскийден) Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы, Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы. Сол жүректен жылылық, достық пенен Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы. Жан шөлдер өзіңдеймен танысқанша, Бірінен бірі үлесіп алысқанша. Құмарланар, сүйісер жүрек тауып, Қытықсыз қызықпенен бас қосқанша. Жұрттың сөзі: тағдырға адам көнбек, Бір антұрған еріксіз мезгіл келмек. Осы сенің қызығың, қуанышың Сағымша жоқ боп кетіп түгесілмек. Бейне бір сол қазынаны бір жау алмақ, Жүректің кең дариясы құрып қалмақ. Суық ақыл жүрекке бұйрық жазып, Оны бір өзі өзгеше жолға салмақ. Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұсатпақ, Кірмен өлшеп базарға ұстап сатпақ. Оны сатып, ол кімді уатады? Оның өзін тағы да кім уатпақ? Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек... Мен де пенде, амалсыз көнсем керек. Қызығы зор қайран дос, қайран тату, Сендер өлдің, мен-дағы өлсем керек!

Онегиннің өлердегі сөзі

(А. С. Пушкиннен) Жарым жақсы киім киіп, Келді жанға жылы тиіп. Диуана болды бұл көңілім, Басылмай бір құшып, сүйіп. Бойым тұр дал болып ұйып, Көңілім жүр құс болып шүйіп. Есіркеп сүйгізіп еді, Кетіппін жүз есе күйіп. Қылдың арам ойынды, Бір бұрмадың мойныңды. Сен ақылмен көңіліңді Тыйып, жеңдің бойыңды. Мен бұрылып түзеле алман, Қайтсін дедің сорлыңды... Атам, анам – қара жер, Сен аша бер қойныңды. Сенен басқа еш жерден Таба алмадым орнымды.

Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз

(М. Ю. Лермонтовтан) Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз, Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз. Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп, Сөйлесіп ымдасқандай көкте жұлдыз. Мен көрдім көктің ғажап жасалғанын, Жер ұйықтап, көкшіл шықпен бу алғанын, Менің не мұнша қапа, қысылғаным? Үміт пе, өкініш пе ойланғаным? Дүниеден үмітім жоқ менің деймін, Өмірге өткен титтей өкінбеймін. Азатгық пен тыныштық көксегенім, Ұйықтамақ пен ұмытпақ деп іздеймін. Өлімнің ұйқысы емес іздегенім, Ұйқы, тыныштық, ұмыту — бер дегенім. Көкірегімде өмірдің күші тұрып, Іздеймін дем алысты үзбегенін. Су сылдырап, жел гулеп, күн шуақтап, Жылылық пен достықты тұрсын мақтап. Өнген, өскен жақсы деп емен ағаш, Теңселіп айтып тұрса, ол шайқақтап.

Ала қойлар

(И. А. Крыловтан) Бір таудағы хайуанды бір арыстан Билеген патшасы екен әуел бастан. Әділ атақ алмақшы ниеті бар, Ешкімді ауыртпастан, жылатпастан. Онысы рас, басында тәуір болған, Сөйтсе де кімді бұзбас бақ антұрған. Алдынан жан шықпаған патшамыздың Ала қойды көргенде көзі ауырған. Ала қойда кінә жоқ жүннен басқа, Қойдан қашып шығыпты патша тасқа. Көрсе қаза тұрады аза бойы, Болмады бұған айла ойламасқа. Тұрды патша қайғырып уайым жеп: "Ала қойды болады қайткенім еп?" Аю, түлкі — қасында уәзірлері, Кеңеседі оларға "қайтемін?"— деп. Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю: — Батыр патшам, не керек көп ойлану? Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды? Ақылы ала қойдың — қырып салу. Қабағын түйді арыстан сөзін үғып: Өлтірмегім оңай-ақ қойды сығып. Өз жұртын өзі қырған патша бар ма? Жаман аттан қорқамын, кетсе шығып. Бекер қан төктірмеңіз, әділ патшам, Сөкпеңіз,— деді түлкі,— мен сөз айтсам. Оңаша бір өзенді қойға беріп, Қайраңында семіртіп, кең жайлатсаң. Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз, Жаманды жақсыменен тең көріңіз. Ала қой қорыққаннан өзі азаяр, Қойшылыққа қасқырды жіберіңіз. Қара деп қатты тапсыр ала қойды-ақ, Өзгесі өсер, ол кемір, сөзіме бақ Жақсы сөзбен біреуге тапсырған соң, Жаман аттан боласыз сіз-дағы аулақ. "Құп" деді, оны арыстан қабыл көрді, Қасқырға "жақсы бақ" деп жарлық берді. Ала түгіл ағынан тыныш бопты, Түлкінің айтқанындай қылып еді. Түлкінің айтқаны рас, жұрт — ақылсыз, Көре салды қасқырдан баяғы арсыз. Антұрғандық түлкі мен арыстанда, Ол болмаса, не қылмақ қасқыр жалғыз?

Бақа мен өгіз

(И. А. Крыловтан) Қарасаң, тым-ақ көп Көре алмас іші тар. Несі артық, бізден деп, Салыспақ жұрт та бар. Су ішкелі бір өгіз Барып еді бұлаққа. Бақалар қорқып, тарбақтап Қашып шықты әр жаққа. Бақаға өгіз таумен тең, ¥шып кетті зәресі. Мақтаншақтың, сен көрсең, Бақада екен төресі. Өз-өзінен бір бақа Күшенді де, бөртінді. Қарны үлкейді қампайып, Өгіздей болам деп ісінді. Қасындағы жолдасқа "Қарашы,— деді,— сен бізге! Қиын ба екен үлкею, Жеткем жоқ па өгізге?" "Ісіндің, кебіндің, Сонда да не пайда? Түрі жат өгіздің, Сен қайда, ол қайда?" Күшенді кеп кіжініп, Келгенінше шамасы, "Өстім ғой"— деп ісініп, Дейді: "енді бір қарашы!" Қарады да,— "Дәнеме Болған жоқ қой, қой!"— деді. Қызып алған антұрған Айтқан сөзге көнбеді. Ыңқыл қағып, тыпырлап, Күшенді де, бөртінді. Іш жарылды сытырлап. Мақтанам деп өзі өлді. Таласпа, жаным-ай, Қолыңнан келмеске. Боларсың бақадай, Көп түссең егеске.

Асау той, тентек жиын, опыр-топыр

(М. Ю. Лермонтовтан) Асау той, тентек жиын, опыр-топыр, Ішінде түсі суық бір жан отыр. Алысты тұманданған ол ойлайды, Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр. Ішкен-жетен, таласқан, ойнап-күлген, Кезек жоқ, келісім жоқ, сөйлей берген. Дауырыққан, күліскен, өлеңдеткен Қайғысызға қайғырып, жиіркенген. Көп отырды, қозғалды сөйлегелі, Құлағымда бүгін тұр соның үні: Сендерге не жүмыс бар тағдырменен, Ойнай бер де, күле бер күні-түні. Ойынға ойсыз надан бәрі құмар, Дүние істеп өз жүмысын жатқан шығар. Елемесең, елетер, бір танытар, Қайда айдаса, барасың,— кім тартынар?

Бородино

(М. Ю. Лермонтовтан) – Айтшы, аға, неғып жеңілдік Мәскеуде емес тегіндік, Болған білем соқтығыс, Емес білем аз жұмыс. Ұмытпайды еш орыс, Бородинде көргенді. – Ондағы біздің адамдар, Сендердей емес, балаңдар. Қиын тиді оларға Аз кісі-ақ қайтып санарға. ............................................ Қол салмаққа кәртечке1 Ол күн болды, күн кешке, Қас қарайып, болды түн. ........................................... Штык, қылыш қайрасып, Ширатып мұртын шайнасып, Ашулы солдат қыстықты: «Қойса екен бізді тыюын, Айтса екен бізге қиынын, Жыртпасақ жаудың киімін, Біз не етеміз, штыкті»... ........................................... 1 - Картечь (орысша) – шашылып атылатын оқ.

Ал, сенейін, сенейін

(М. Ю. Лермонтовтан) Ал, сенейін, сенейін, Айтқаныңа көнейін. Шалма ораған сопының Ішін арам демейін. Ақ көңілді әділ жан Табылар деп көрейін. Я сүйсе, я күлсе, Елжірейін, төнейін. Жаралы көңіл жазылар, Дүниеде рахат бар шығар. Жақсы адам деген құры сөз Емес шығар, табылар. Өткен өмір, көрген түс Не қылғанда бір болар. Деп нанып ем "маған нан", Не таптым мен нанғаннан? Жүрегімді қан қылды, Өткен өмір, өлген жан. Ақыл іздеп, ізерлеп, Бәрін сынап сандалған. Бірін таппай солардың, Енді ішіме ой салған. Тұла бойды улатты, Бәрі алдағыш сұм жалған. Басыңа тиді, байқадың, Бәрінен басты шайқадың. Тағы бар ма айтарың? Нанғыш болсаң, енді нан!

Кең жайлау - жалғыз бесік жас балаға

(М. Ю. Лермонтовтан) Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға, Алла асыраған пендесі аш бола ма? Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге, Тыныштық пен зар боларсың баспанаға.