Арнайы бөбекжайлар – бір жастан үш жасқа дейінгі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту, қарау, күту мен сауықтыруды қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары.

Арнайы бөбекжай:

1) көру қабілетінде бұзылыстары бар балалар үшін;

2) есту қабілетінде бұзылыстары бар балалар үшін;

3) тірек-қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар балалар үшін;

4) психикалық дамуы тежелген балалар үшін;

5) осы тармақтың 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетілген балалар санатын біріктіру кезінде құрылады.

1. Балаларды арнайы бөбекжайларға қабылдау, жолдау мен ауыстыру “Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы” Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (бұдан әрі – ПМПК) қорытындысы негізінде жүргізіледі.

2. Арнайы бөбекжайдағы оқу сабақтарының кестесін “Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысына сәйкес арнайы бөбекжай әкімшілігі әзірлейді және бекітеді.

3. Қажет болған жағдайда арнайы бөбекжайдың педагогтары ата-аналар (заңды өкілдер) үшін түзету сабақтарын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес беру өткізеді.

4. Балалардың арнайы бөбекжайға жеке кесте бойынша баруы “Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ережені бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 321 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11310 болып тіркелген) сәйкес тұрғылықты жері бойынша дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысымен жүзеге асырылады.

5. Баланы арнайы бөбекжайларға жолдау мен ауыстыру ПМПК-ның қорытындысы негізінде және ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен, Заңға сәйкес анықталады.

6. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу мен оқыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 Қаулысымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына, “Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 557 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8275 болып тіркелген) үлгілік оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.

Мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін мектеп жасына дейінгі балаларды (6 жасқа дейін) кезекке қою

Қызметті онлайн алу

  1. Порталда авторизациядан өтіп “Онлайн сұратым” батырмасын басыңыз.
  2. Өтінімді толтырып оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) қол қою. Аймақты таңдау, ЖСН немесе тегін, атын және баланың туған күнін, байланыс деректерін енгізу.
  3. Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) өңделген хабарламамен танысу. Кезекті әрі қарай қадағалау үшін “Балабақшаға кезек нөмірін қарау” қызметін пайдалануға болады.
  4. Жеке кабинетте (“Қызметтерді алу тарихы” бөлімінде) МДБМ жолдаманы келісу туралы хабарламамен танысыңыз. Қажеттілігі болғанда пайдаланушының байланыс деректерін өзектілендіру.
  5. Жеке кабинетте жолдамамен келіскен жағдайда («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) МДБМ-не жолдамамен танысу.

Қызметті мемлекеттік органда немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ алу (қажетті құжаттар):

  1. 1-қосымшаға және 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш.
  2. Баланың туу туралы куәлігі.
  3. Жеке басты куәландыратын құжат.
  4. Әскери қызметкердің немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің жұмыс орнынан берілген, мөр басылған және уәкілетті тұлғаның қолы қойылған анықтама (бар болғанда) (берілген күннен бастап бір ай ішінде жарамды).
  5. Білім беру ұйымы басшысының мөрімен және қолымен расталған педагогтің жұмыс орнынан анықтама (берілген күннен бастап бір ай ішінде жарамды), дипломның сканерленген көшірмесі.
  6. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (бар болғанда).
  7. Фтизиатр-дәрігердің қорытындысы.
  8. Мектепке дейінгі ұйымға бірінші кезекте орын алу құқығын растайтын құжаттар (бар болғанда).

Мектепке дейінгі ұйымдарға құжаттарды қабылдау және балаларды қабылдау

Қызметті онлайн алу

  1. Порталда авторизациядан өтіп “Онлайн сұратым” батырмасын басыңыз.
  2. Өтінімді толтырып оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе смс-паролінің көмегімен қол қойыңыз (міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркеу бар болу қажет).
  3. Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін сіздің өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысыңыз.

Қызметті Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан​ қалай алуға болады (қажетті құжаттар):

  1. Қабылдауға арналған жолдама (берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жарамды).
  2. 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш.
  3. ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
  4. баланың тууын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
  5. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 24 маусымдағы № 469 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2423 болып тіркелген) бекітілген “Бала денсаулығы паспорты” 026/у-3 есеп нысанын толтыру және жүргізу жөніндегі Нұсқаулықта қарастырылған нысан бойынша баланың денсаулық паспорты;
  6. баланың денсаулығы туралы анықтама;
  7. психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін).

Ескерту: Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырған, төтенше жағдайлар енгізілген, белгілі бір аумақта әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда, осы аумақта тұратын көрсетілетін қызметті алушылар шектеу іс-шараларының алынуына, төтенше жағдайлар қолданысының тоқтатылуына қарай осы тармақтың бірінші абзацының 4), 5) және 6) тармақшаларында және екінші абзацының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды тікелей білім беру ұйымдарына ұсынады.