Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау, оның мақсаттары, мiндеттерi мен принциптерi

      1. Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау баланың туғанынан басталып, ол кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн, жаппай кешендi медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтiк тексеру мен кәсiби диагностика жүргiзу, оңалтудың жеке бағдарламасын әзiрлеу, медициналық, педагогикалық, психологиялық, әлеуметтiк қызметтер көрсету және еңбекке баулу арқылы жүргiзiледi.

      2. Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың мақсаттары:

      1) туа бiткен және тұқым қуалайтын ауруларды, қалыпты дамудан ауытқушылықтарды ерте бастан (туған кезден) анықтау;

      2) балалардың дамуындағы кенжелеп қалу мен бұзылыстардың алдын алу, мүгедектiктiң ауыр түрлерiнен сақтандыру;

      3) балалар мүгедектiгiнiң деңгейiн төмендету;

      4) кемтар балалардың дене, психика және өзге де қабiлеттерiнiң орнын толтыру немесе оларды қалпына келтiру, олардың әлеуметтiк құқықтарын iске асыру, неғұрлым толық әлеуметтiк бейiмделуiне жәрдемдесу болып табылады.

      3. Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың мiндеттерi:

      1) кемтар балаларды анықтау мен оларды есепке алудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн құру;

      2) арнаулы бiлiм берудi және арнаулы әлеуметтiк қызмет көрсетудi жүзуге асыратын ұйымдар желiсiн дамыту;

      3) кемтар балаларды әлеуметтiк бейiмдеу;

      4) кемтар балалары бар отбасыларын әлеуметтiк қолдау;

      5) әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдауды жүзеге асыратын ұйымдарды кадр, ғылыми және ұйымдастыру-әдiстемелiк жағынан қамтамасыз ету;

      6) халықты әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау, бiлiм беру ұйымдарының кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мәселелерi жөнiндегi қызметiн сабақтастыру болып табылады.

      4. Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мынадай принциптерге:

      1) кемтар балалар мен олардың отбасыларына әлеуметтiк қолдау және оңалту көмегiн көрсету кепiлдiгiне;

      2) кемтар баласы бар отбасы мен әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыратын ұйымдар мамандарының ынтымақтастығына;

      3) балалардың қабiлеттерiнiң шектелу дәрежесiне, жасына, әлеуметтiк мәртебесiне қарамастан, ерте қолдау мен бiлiм алуға қол жеткiзуiне және тең құқықтылығына;

      4) әрбiр балаға жеке тұрғыдан келiп, әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсетудi саралауға негiзделедi.

Кемтар балаларға медициналық, арнаулы бiлiм беру және арнаулы әлеуметтiк қызметтердi көрсететiн ұйымдар

      1. Медициналық қызметтерді профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту және паллиативтік бағыты бар денсаулық сақтау субъектілері көрсетеді.

      2. Медициналық қызметтерге:

      1) “қатер” (скрининг) тобындағы балаларды анықтау мақсатымен жас сәби балаларды жаппай стандартты тексеру;

      2) туа бiткен, тұқым қуалаған және жүре пайда болған патологияның тереңдетiлген диагностикасы;

      3) психика-дене дамуында ауытқулары бар балаларды медициналық түзеу және оңалту;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көрсетiлетiн өзге де қызметтер жатады.

      3. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы бiлiм беру қызметтерiн Қазақстан Республикасының бiлiм беру туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен арнаулы ұйымдар: психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерi, оңалту орталықтары, логопедтiк пункттер, балалар бақшалары және басқа да білім беру ұйымдары көрсетедi.

4. Көрсетілетін арнаулы білім беру қызметтеріне:

      1) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау мақсатында балаларды тереңдетіп және кешенді зерттеп-қарау;

      2) мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдау;

      3) арнаулы оқу бағдарламалары бойынша оқыту және тәрбие беру;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін өзге де қызметтер жатады.

      5. Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететiн ұйымдар болып табылады.

      6. Арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсетуге:

      1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек көрсету;

      2) протездеу және протез-ортопедия бұйымдарымен қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтердi көрсету;

      3) арнаулы техникалық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету;

      4) кемтар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына консультациялық көмек көрсету;

      5) әлеуметтiк қызметкерлердiң қызметтер көрсетуi жатады.

      Әлеуметтiк қызметкерлердiң құқықтық мәртебесi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.

Кемтар балалардың құқықтары

      1. Кемтар балалардың:

      1) әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдауды кепiлдiктi түрде тегiн алуға;

      2) денсаулық сақтау субъектілерінде, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда немесе медициналық-әлеуметтiк сараптама бөлiмдерiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тегiн зерттеп-қаралуға және тегін медициналық көмек алуға;

      3) дене немесе психикалық кемiстiктерi байқалған сәттен бастап, оның көрiну дәрежесiне қарамастан, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысына сәйкес тегiн медициналық-психологиялық-педагогикалық түзеуге;

      4) медициналық айғақтамалары бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен протез-ортопедия бұйымдарымен және аяқ киiммен, арнайы қарпi бар баспа басылымдарымен, дыбыс күшейткiш аппаратурамен және сигнал бергiш құралдармен, компенсаторлық техникалық құралдармен тегiн қамтамасыз етiлуге;

      5) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қорытындысына сәйкес арнаулы бiлiм беру ұйымдарында немесе мемлекеттiк білім беру ұйымдарында тегiн мектепалды және жалпы орта бiлiм алуға;

      6) мемлекеттiк білім беру ұйымдарында мемлекеттiк бiлiм беру бағдарламалары шегiнде конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары бiлiм алуға;

      7) оқу бiтiргеннен кейiн алған бiлiмiне және (немесе) кәсiби даярлығына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жұмысқа орналасуға;

      8) денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілуіне құқығы бар.

      2. Бюджеттен қаржыландыру арқылы мемлекеттiк тегiн бiлiм алу, бiлiм беру гранттарын алу конкурсына қатысқан кезде көрсеткiштерi басқалармен бiрдей болған жағдайда, медициналық-әлеуметтiк сараптау бөлiмдерiнiң қорытындысына сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алуына болатын бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар басым құқыққа ие болады.

      3. Жетiмдер қатарындағы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, толықтай мемлекет қамтамасыз ететiн кемтар балалар арнаулы бiлiм беру ұйымдарында болуын аяқтағаннан кейiн және кәмелеттiк жасқа жеткен соң, жергiлiктi атқарушы органдар оларды заңдарда белгiленген тәртiппен тұрғын үймен қамтамасыз етедi.

Кемтар балалардың ата-аналарының және өзге де заңды өкілдерiнiң:

      1) баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда куәландыру кезiнде қатысуға;

      2) баланы тексерудiң нәтижелерi, жеке әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың мақсаттары мен нәтижелерi туралы дұрыс ақпарат алуға, медициналық, арнаулы бiлiм берумен және арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсетумен айналысатын органдар мен ұйымдардан консультациялар алуға;

      3) өз балаларының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуына;

      4) мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын жергілікті өкілді органдардың шешімімен айқындалатын тәртiппен және мөлшерлерде өндіріп алуға құқығы бар.

 Қазақстан Республикасының кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.