МЕТАЛЛ ЖӘНЕ МИФ

Миф арқылы тарихты тану

Тарих пен археология жалпы адамзаттың тарихының үш кезеңін металдың атымен (әуелі энеолит (халколит немесе мыс ғасыры), одан кейін – қола ғасыры, одан кейін – темір ғасыры) атайды. Яғни металл өндеуді игеру ежелгі адамзат қоғамын алға жылжытқан аса маңызды материалдық фактор болды. Сондықтан осы металдар табиғаты туралы бағзы түсініктің, оларды балқыту әдістерімен қабаттаса дамыған ғұрыптар мен сенім-нанымдар комплексінің мифологиядан тыс дамуын мүмкін емес деп есептейміз. Демек металл және металлургия туралы мифология да болған. Ал арғықазақтағы металлургияға қатысты мифтік түсініктерді реконструкциялау, тіпті толық реконструкциялай алмағанның өзінде де кейбір ұсақ-түйектерін аңғара білу – жалпы қазақтық мифтік танымды түсінуге қажетті ізденістердің бір қыры болмақ.

Алдымен металдардың кейбірі туралы қысқа да жалпылама мәлімет алып көрелік.

Мыс ғасыры немесе энеолит

Бірінші металл – мыс (немесе жез). Бұл – адам баласына ең бірінші болып таныс болған металл түрі. Өйткені мыс табиғатта жеке, еркін түрде (сап мыс, мыс сомы), тіпті үлкен сом-жұмыршықтар түрінде кездеседі. Мыстың тотықтары мен карбонаттары тез тотықсыздана, яғни қалпына келе алады, мұнысының арқасында адам баласы мысты руда құрамындағы оттекті қосындыларды тотықсыздандыру арқылы ала алатын еді. Ежелгі замандарда адамдар жартастық жынысты (руданы) отқа тастап қыздырып алып, артынан тез салқындататын, нәтижесінде тау жынысы үгітіліп, жарылып, мыс жеке бөлініп қалатын. Бірте-бірте адамдар тотықсыздандыру процесін көп отын салынған ошақтарда, тұлып пен түтікше арқылы ауа үрлеу арқылы отты күшейту жолымен жүргізді. Ошақтарды қызуын жоғалтпау үшін таспен қоршайтын, осындай тас қабырғалардың биіктігі өсе берді де, ақыр аяғы шахталық пештің пайда болуына алып келді336.

Энеолит – қола ғасыры мен тас ғасырының аралығындағы өтпелі дәуір; бұл кезде тас бұйым-құралдармен қатар металл бұйымдар жасау да пайда болған еді. Энеолит (мыс ғасыры, халколит) уақыты Оңтүстік Иран, Түркие және Месопотамия аумағы үшін б.з.д. 4 мыңжылдық, ал Еуропа үшін – б.з.д. 3-2 мыңжылдықтар деп көрсетіледі, осы кезеңде әуелі мыс, одан кейін қола бұйымдар жасала бастаған (б.з.д. 7 мыңжылдыққа жататын металл бұйымдар да табылыпты)337.

Қола ғасыры

“Қола” (орысша – “бронза”, фр. – bronze, итал. – bronzo) деп бүгінде мыстың басқа химиялық элементтермен, ең алдымен металдармен (қалайы, алюминий, бериллий, қорғасын, кадмий, хром және т.б.) қоспасын атай береді, бірақ ежелгі замандарда “қола” деп мыстың қалайымен қоспасын (қалайы қоласы) атайтын болған. Ежелгі қола, яғни қалайы қола – адамның қолынан шыққан ең ежелгі қорытпа, дәстүрлі “қола ғасыры” деп аталып жүрген тарихи дәуірдің жеке дәуір ретінде алынуына негіз болған қола да осы -қалайы қоласы (қалайы мен мыстың қоспасы). Сондықтан біз бұдан арғы әңгімелерімізде “қола” деп тек осы қалайы қоласын ғана айтатын боламыз. Қола, жалпы мыстың басқа металдармен (қорғасын, қалайы, күшән т.б.) қоспасы мысқа қарағанда тез балқытқыштығымен ерекшеленеді (7000-9000С), мысқа қарағанда балқу қасиеттері өте жоғары және берік болады, мұның өзі қола балқыту кәсібінің тез таралуына мүмкіндік берді. Қоладан адамға қажетті әртүрлі бұйымдарды жасау уақыты б.з.д. 4 мыңжылдықта басталды, бұл кезде адамдар қоланы мыс пен қалайы рудаларының қосындысын отта өртеп, тотықсыздандыра балқыту жолымен алған болатын. Едәуір кейінірек қоланы мысқа қалайының өзін және басқа металдарды қосу арқылы дайындай бастаған.

Сонымен мыс (грек. Chalkos, Es, латын. Aes, Aeneus, Cuprum) пен қалайы (латын. Stannum) металдарын адамзат б.з.д. 4 мыңжылдықта балқыта бастаған, Оңтүстік Иран, Түркия, Месопотамия жерлерінен табылған қола құралдардың жасы нақ осы уақыттарды көрсетеді. Б.з.д. 4 мыңжылдықтың аяғында қола балқыту Мысырға, б.з.д. 3 мыңжылдықтың аяғында – Үндістанға (б.з.д. 2 мыңжылдықтың басынан бастап – Орта Азия мен Қазақстанға; қосқан өзіміз), б.з.д. 2 мыңжылдықтың орта тұсынан шығыста -Қытайға, батыста – Еуропаға таралды338.

Яғни қола ғасырының хронологиялық межелері б.з.д. 4 мыңжылдықтың аяғынан б.з.д. 1 мыңжылдықтың басына дейінгі аралықты (Қазақ жері үшін – б.з.д. 19-8 ғасырларды) қамтиды.

Темір ғасыры

Энциклопедиялық анықтамаға сүйенсек, “адам баласы алғаш рет жай темірмен емес, метеориттік темірмен танысқан сыңайлы. Қалай болғанда да, ежелгі халықтардың тіліндегі темір металына қатысты атаулардың мағынасы осындай ойға жетелейді: Ежелгі мысырлықтардың тіліндегі “бени-пет” сөзі “аспан темірі” деп аударылып жүр, ал ежелгі гректік sideros созі латынның sidus (род. падеж sideris) – “жұлдыз, аспан денесі” деген сөзімен байланыстырылады. Б.з.д. хетт текстерінде темірдің аспаннан түскен металл екендігі айтылады екен. Роман тілдерінде ежелгі римдіктерден қалған “темір” атауының негізі сақталған (мысалы, франц. fer, итал. ferro)”.

Ал рудадан темір алу әдісінің Азияның батыс бөлігінде, б.з.д. 2 мыңжылдықта пайда болғандығы айтылады. Осыдан кейін темір металы Бабылда, Мысырда, Грекияда таралған. Міне, осылайша, мыс ғасырының орнына “темір ғасыры” келді339. Темір ғасыры ретінде салыстырмалы түрде қысқа уақытты – б.з.д. 9-7 ғасырларды көрсетеді. Темірден жасалған жекелеген бұйымдар б.з.д. 3 мыңжылдықтың 1 жартысындағы Мысырдың, Месопотамияның және Анадолының археологиялық қоныстарынан кездесе бастайды, ал рудадан темір алу әдісі б.з.д. 2 мыңжылдықта ашылған көрінеді. Барынша ықтимал тұспалдардың бірі бойынша шикілей үрлеу (сыродутый процесс) әдісімен тұңғыш рет темір алуды Арменияда (Антитаврда) мекен етіп, сол тұста хеттерге бағынышты болған тайпалар б.з.д. 15 ғасырда жүзеге асырған көрінеді. Тек б.з.д. 11 ғасырдан кейін ғана темір қаруды пайдалану біршама кең тарала бастаған, Орта Азия мен Қазақстан территориясы үшін бұл уақыт б.з.д. 8-7 ғасырлар деп көрсетіледі340.

Жалпы көрсетілген даталардың толықтай анықталып болғандығына кепілдік беріле алмайды. Археологтар да не әрі, не бері қарай (көбіне саналы түрде) қателесуі мүмкін.

Sun
Sun
Оцените автора
Добавить комментарий