ҚҰСТАР ЖӘНЕ МИФ

Миф арқылы тарихты тану

Белгілі бір табиғи ортадағы адамдарға құстың қанша түрі белгілі болса, олар туралы да соншама түрлі мифтік келтірімнің болуы тиіс. Ал құстың түрінің де, атауының да көп екендігін ескерер болсақ, құсқа қатысты мифологиялық келтірімдердің де көлемді болатындығын тұспалдауға болады. Бұл бөлім – үлкен тақырыптың кіріспесі ғана; мұнда мен тек материал жинақтауға, олардың мифтік астарын аздап та болса тануға мүмкіндік беретін азын-аулақ құстар ұжымы туралы ғана қарастырмақпын.

Құстар – ғалам моделіндегі орынды көрсетуші, яғни құбыжық мақұлықтар төменгі дүниенің жіктемесін, құстар – жоғарғы дүниенің жіктемесін көрсетеді. Құстың мифологиядағы басты көрінімдігі – оның қанаты, яғни қанаттың өзі жеке тұрып-ақ та құсқа теліне береді.

Мифологиядағы құс мынадай бейнелер ретінде көріне алады.

1. Құс – тотем, яғни адамзаттың әкесі не шешесі бола алады.

2. Құс жасампаз тәңірие бола алады. Яғни құс кейіпті тәңірие ғаламды жарату актісіне қатыса алады.

3. Құс тәңіриелердің елшісі (хабаршысы), яғни адамзат пен тәңіриелер арасындағы жалғастырушы буын (періште) ролін атқара алады. Құс – тасымал саяғы (средство транспортировки), жеткізіп салушы, кілт ұстаушы. Осындай рөлге ие болған рухтар (періштелер, мәселен, құс кейпіндегі Жебірейіл періште)153, әдетте, қанатты болып суреттеледі. “Ілкі Терлік” қисын бойынша, құс – Ілкі Төрдің қорушысы (хранитель Из-начальной Традиции), қорушының құстық кебі.

4. Құс – рухтың келбеттенуі.

5. Дуализм құстар бейнесіне де тән, яғни екі түрлі құс бір-біріне қарама-қарсы сипатқа ие болып, бірі – жағымды, екіншісі – жағымсыз сипатқа ие бола алады. 

6. Құс кейпі басқа да кейіптермен араласа алады (мәселен, қанатты жылан да белгілі бір көрсеткіштері бойынша құс болып есептеліне алады). Мыстан кемпірлердің құс аяқты, пері қыздарының қанатты болуы, т. б. мысалдар – құстың ежелгі тотемдер қатарында болғандығының бүгінгі фольклорда сақталған көзкөргендері болып табылады154.

7. Құс – аса маңызды келбеттеуші (тұлғалаушы). Басқа пенделер мен нысандарды құс келбетінде көрсетуге, мәселен, Ай мен Күнді ағашқа қонып отырған екі құс түрінде сипаттауға болады. Адам жанын (рухын) да ұша алатын (яғни құс сияқты) бейне ретінде келтіру дағдысы бар.

Құсқа қатысты мифтік сипаттар тек осылармен шектеліп қалмайды, олардың барлығын бірдей түгендеп жатудың да сәті түсер, ал әзірге, жекелеген тақырыптарға кірісу қарсаңында осылардың өзі жетіп жатыр.

Қарақұс немесе Алып Қарақұс. Терминдік нақтылау мәселесі

“Қарақұс” сөзіне қатысты алдын ала ескертіп алар мағыналық жәйт бар. Бұл сөз екі түрлі мағынаны қатар білдіре алады.

1. “Қарақұс” дегеніміз – бүркіт161.

2. “Қарақұс” дегеніміз – құзғын, тазқара (гриф).

Жалпы, осы “қарақұс” сөзіне де, осы атаумен көрсетілген нақты құс түрінің басқа атауларына да қатысты тілдік (терминдік) ала-құлалықтардың бар екендігін де ескертуіміз керек. Мәселен, орыс тіліндегі “гриф” деп топтастырылатын, қазақша “тазқаралар” деп аталатын құстардың сипаты мен атауларына назар аударып көрелікші.

Біріншіден, “тазқаралар” (грифтер) – құстардың жеке тұқымының атауы емес, өмір сүру қалпы мен тұрпатының ұқсастықтарына қарай біріктірілген жыртқыш құстар отрядының екі тобының жалпы атауы. Бір тобы – дербес америкалық грифтер болса, екіншісі – “нағыз грифтер”, соңғылары Азияда, Еуропада, Африкада мекендейді. Нағыз грифтер – қаршыға тұқымдас құстардың бір бөлігін қамтиды. Қазақстанда тазқаралардың бес түрі кездеседі. Тек олардың қазақша атаулары жөнінде мәліметім жоқ, сондықтан да тек орыстық атаулармен шектелуге тура келеді (қара гриф (“құмай” делінетіні осы болса керек), сип, стервятник, бородач (ягнятник)).

Ал сөздіктердегі тәржімелерге жүгінсек, “бородач-ягнят-ник”, “стервятник”, “могильник” деген құс атаулары қазақ тіліне “қарақұс” және “құзғын” түрінде аударылған екен162. Мұндағы “құзғын” атауының өзі тұрақты емес, бізге осы сөздің орыс тіліндегі “ворон” (corvus согах) деп аталатын құстың да аты ретінде (кейде жай ғана “құзғын” делінбей, “құзғын қарға” деп те айтылады) аталатындығы белгілі, сондықтан да “құзғын” атауының о баста құзғын қарға мен тазқараның қайсысын білдіргенін анықтау керек-ақ. Қалай болғанда да біз, әзірге осындай шатасу туғызуы мүмкін ала-құлалықтан құтыла алмаймыз.

Тағы бір ескертілер жәйт – “қарақұс” деген сөздің ең ежелгі, о бастағы мифтік құстың атауы бола алмайтындығы, өйткені бұл сөз, кейінірек, мифсіздену заманында қалыптасқан “сары құс”, “көк құс”, “қызыл құс”, т.б. сияқты мөлдір мағынаға ие сөздер қатарына жатады. Ал мұндай сөздер бастапқы бола алмайды, тек мифтік бейненің бастапқы, нақты есімін айтуға тыйым салынғанда (табу, табулау) ғана пайдаланыла бастайтын “тергелген есім” (профанное имя) болып табылады. Бұдан шығатыны – біздің “Қарақұс”, “Алып Қарақұс” деп жүрген фольклорлық бейнелеріміздің о баста мүлде басқа, бүгінде ұмытылып кеткен есімдерінің болу мүмкіндігі.

Sun
Sun
Оцените автора
Добавить комментарий