Қаз дауысты Қазыбектің тағылымы

Қай халықтың болмасын тарихы елінің зердесінде өшпес із қалдырған аса көрнекті жеке тұлғалардың атымен тығыз байланысты. Тарихи ауқымды зор тұлғаларды дәуір туғызады.

Қазақ халқының сондай тұлғаларының бірі XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Қазақ хандығының ұлы үш биінің бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәмілегер, дипломат, шешен, азаттық күрестің көсемдерінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы.

Қаз дауысты Қазыбек 1667 жылы Сыр өңірінің Түркістан атырабында дүниеге келген. 1764 жылы Қарағанды облысының Се­мізбұғы мекенінен шамасы 16-18 ша­қы­рым қашықтықта Далба тауының түстік беткейінің Қарағайлы бұлақ деген жердегі жайлауында 97 жасында қыс айларының басында өмірден озған. Оның мүрдесін ақ жуып, арулап, былғарыға тігіп, қыс бойы төрт таған тасқа орнатылған сөренің үс­тіндегі киіз үйде аманат ретінде сақтап, көктем шыға үлкен ұлы Бекболат бастаған Арқаның 40 батыры мен ел ағалары қасиетті Түркістанға жеткізіп, әулие Кожа Ахмет Йассауи сағанасына жерлеген. (Стамболдың Ая София, Уфаның «Ғалия» медреселерінің түлегі Жайсақұлы Камалидденнің (1882-1954) қолжазба шежіресінен).

XVIII ғасырдың 23-25-жылдары қа­зақ хал­қына үлкен ауыртпалық әкелген «Ақ­табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті мен онан кейін 30-жылдары қайталанған жоңғар шапқыншылықта­рынан елді аман сақтап қалу мақсатымен Қа­зыбек баба (оны ұрпақтары осылай атай­ды) өзінің ұрпақтары және бүкіл Бошан әулетімен Сыр бойынан Арқаға көшіп, Ұлытау, онан соң 40-жыл­да­ры Қараған­ды облысының бұрынғы Егін­дібұлақ ауда­нының Едірей, Үшқара, Ар­қалық т.б. жер­леріне қоныстанған.

Бабаның ұрпақтары осы өңірде бүгінгі күнге дейін мекендейді. Олардың жайлауы осы мекенмен жапсарлас Далба тауының өңірінен Баян тауының батыс бағытындағы Шідерті өзенінен өтіп, Ерейментауға дейінгі алқап болған. Кейіннен өрісі тарылған Сү­йін­дік елінің тілегі бойынша Қаз дауысты Қазыбектің ұрпақтары өздерінің жайлауын оңтүстікке Қарқаралы бағытына, Нұра өзе­ніне қарай ауыстырған (Жайсақұлы Ка­малидден.., көрсетілген дерек).

Қазыбек бидің аттары белгілі Тіленші, Ал­шынбай т.б. ұрпақтары осы жайлауда (Қа­рағанды облысының бұрынғы Ульянов ауданының Бабаев атындағы совхоз жері) отырғанда дүниеден қайтып, топырақ осы жерден бұйырған (Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлы. Қазақ шежіресі. Алматы: Жалын, 1993. 61б.)

Қаз дауысты Қазыбектің шыққан ар­ғы тегі – Арғын тайпасының Қаракесек ата­лып кеткен Болатқожа елі, бергісі – қазақ халқына аты мәлім Шаншар абыз. Шаншар абыздан Қазыбектің әкесі Келдібек туады.

Шежіре деректеріне жүгінсек, Шаншар абыздың Есім ханның (1598-1645) алдында еңбегі мен беделі ерекше болған, Келдібектің өзі болса, Қаракесек ғана емес, бүкіл Арғын еліне билік айтар қазы болыпты…(Сәрсекеев М. Тарақты және Қаракесек шежіресі. Алматы: «Атамұра», 1995, 68-69 б.).

Келдібекұлы Қазыбектің өзі туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер мен бидің өзінен жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрін ата жолы заңдарын мейлінше меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам бол­ған­дығын айқын көрсетеді (Қазақстан. Ұлт­тық энциклопедия. Т.5. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2003, 457 б.).

Тәуке ханның (1680-1718) Қаз дауысты Қазыбекті Орта жүздің бас биі етіп таға­йын­дауына оның осы қасиеттері негіз болса керек. Қазыбек би әз-Тәуке тұсында хан ке­ңесінің белді мүшелерінің бірі, кейін Сә­меке, Әбілмәмбет, Абылай ел басқарған ке­зеңдерде хандықты басқару ісіне жиі араласқан, ішкі-сыртқы саясатта хандарға ақыл-кеңес беріп отырған терең ойлы би болды.

Бұл тұжырымды Сібір губернаторы мін­детін атқарушы генерал-майор Фрауен­дорфтың Ресейдің сыртқы істер алқасына (коллегиясына) 1753 ж. 11 наурызда жазған мәлімдеме-хатындағы пікірі толықтыра түседі. Осы деректе: «Қазыбек би бүкіл Орта жүздегі ең басты би болып табылады.Оған Әбілмәмбет ханның өзі, сондай-ақ Абылай сұлтан, басқа да ұлыстардың сұлтандары мен ел ағалары әрқашан да келіп, әртүрлі ке­ңес­тер алады, тіпті Қазыбек бидің келі­сі­мін­сіз Орта жүзде бірде-бір маңызды мә­селе ше­шіл­мейді екен», – деп жазылған (Ка­захско-русские отношения в XVI-XVIII веках.Сб. документов и материалов. Алма-Ата, 1961. С.648; Абылай хан. Өмірі мен қыз­метіне қатысты құжаттар мен мате­риал­дар жинағы.Петропавл: ЖШС Астана, 2005 ж., 352 б.).

Қаз дауысты Қазыбек мемлекет істері­мен қатар, ру ішінде немесе ру аралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыс­тарға да әділ билігін айтып отырған. Мә­селен, 1748 ж. тамыз айында болған Әбілқа­йырдың өлімінен кейін кек алмақ болған оның балаларынан сескеніп Орта жүздің Арғынына арқа сүйемек болған Барақ сұлтанға, оның жақын кеңесшісі бола тұра Қазыбек би: «біз сен үшін Кіші жүзбен ай­тыс­паймыз» деген екен (Орынбор ОММ.

3-қ. 1-т.,2-іс, 248-249 пп.).

Ел ішінде қара қылды қақ жарған, алты алаштың ардағы аталған Қаз дауысты Қазыбек бидің бұл Орта жүз бен Кіші жүз араларын ушықтырмай, мәмілеге келтіру арқылы олардың бірлігін сақтауды мақ­сат еткен даналығын көрсетеді. Сөйтіп, Ба­рақ сұлтанның кінәсін қарау мәселесі би­лер сотына тапсырылыпты.

Қаз дауысты Қазыбек өмір сүрген та­-лас-тартыс пен дауға толы күрделі заманда оның Қазақ хандығының ішкі саясатында атқарған қызметінің басты мақсаты – қа­зақ елінің бірлігі мен ынтымағын сақтап, бір орталыққа біріккен мемлекеттігін нығай­та түсу болған.

Бұл саясатты жүзеге асыруда Тәуке хан­ның басшылығымен қабылданған «Жеті Жарғының» тарихи маңызы ерекше болды.Осы заң жинағының дайындалуына Қа­зы­бек бидің атқарған қызметі көңіл ау­да­рарлық.

Қаз дауысты Қазыбектің «Жеті Жар­ғыны» дайындаудағы ерекше қызметін оның қызы Қамқа (Манқап) әкесіне ар­наған жоқта­уында:

– Қазаққа деп заң жасап,

Қазыбектің қасқа жол,

Артында мирас қалғаны.

Шариғат айтқан жол емес,

Законға тағы қол емес,

Соларменен бірдей ғып,

Қазаққа бір жол салғаны, – деп жыр­лаған (Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. Алматы: Жалын, 1991, 152 б.).

Қамқаның осы күнге дейін бізге келіп жеткен осы жоқтау жыры Қаз дауысты Қа­зыбектің өмір тарихының баға жетпес құнды тарихи дерегі екендігін мойында­уымыз керек.

Қамқаның әкесіне арнаған жоқтау жыры Қазыбек бидің «Жеті Жарғыны» да­йындауда қандай рөл атқарғанын аң­ғартады.

Дана би Қазыбектің «Жеті Жарғыны» да­йындаудағы парасат қабiлеті мен білімі туралы этнолог, профессор Ж.Артықбаев: «Ол (демек Қазыбек би – Қ.Е.) өзіне дейінгі билік жолдарымен толық танысып, сонау Ғұн дәуірінен, тіпті Сақтан бастау алатын көпшілік ортасындағы құқық дәстүрін иге­ріп, сонымен қатар әдет-ғұрып заңдары мен шариғат арасындағы күрделі байла­ныс­­тар мен қайшылықтарды да шешу мүм­кіндігі­­не ие болды» деген тұжырым жа­сай­ды (Жам­был Омари. Қаз дауысты Қа­зы­бек би. Астана: Фолиант, 2000, 135б.).

Сөйтіп, «Жеті Жарғыда» Қазақ хан­ды­ғында ел басқару жүйесі идеясының негізі жасалып, халқымыздың тарихи болашақ тағдырына жол көрсеткен маңызы ерекше құжат болды.

Қазыбек би қазақ елінің сыртқы сая­сатында, әсіресе, қазақ-жоңғар қатынаста­рын­да елші ретінде ерекше белсенділік та­нытып мәмілегер, дипломат болғаны қазақ халқына белгілі. Ел ішінде сақталып, аңызға айналған әңгімелер мен шежіре мағлұ­мат­та­рында қалмақ пен қазақ арасындағы бол­ған шапқыншылықты бітістіру мақса­тын­да Қаз дауысты Қазыбектің қонтайшы­ға елші ретінде 3 рет барғаны баяндалады.

Оның алғашқы елшілік сапары 1681-1684 жылдары жоңғарлардың қонтайшысы Қалдан Бошоқту уақытында Жетісу мен Сыр бойына салған ойранынан соң Арғын ішінде Сүйіндік руының Айдабол ұрпағы Тайкелтір би басқарған елшілермен бірге болған. Кейбір авторлардың пікірінше, сол кезде Қазыбектің жасы 13-14-те еді деп жа­зып жүр. Бұл – жаңсақ пікір. Өйткені Қам­қа әкесін жоқтауда:

– Белгілі шығар Алашқа

Қоңтажыға барғаның.

Он сегізде сол күнде,

Қалмақты сынға алғаның.

Қазақты жоқтап қалмақтан,

Араға сөзді салғаның:

Қалмақтың ханы Қоңтажы

Жауаптан ұстап алғаның.

Босатып едің, жан әкем,

Тұтқында қазақ қалғанын.

Талап алған шабынды,

Қайтарып алдың бар малын.

Олқысыз тоқсан жесірді,

Сол жерде анық алғаның.

Қалмақ пен қазақ бас қосып,

Екі ұдай болған тобында

Алдыңа бір жан салмадың, – деп жыр­лаған.

(Ахмет Байтұрсынов… көрсетілген еңбек, 151б.).

Қаз дауысты Қазыбектің жоңғар хан­дығына барған осы елшілік ерлігіне Шоқан Уәлиханов өзінің «XVIII ғасырдың батыр­лары туралы тарихи аңыздар» деген мақа­ласында жоғары баға берген еді.(Валиханов Ч.Ч.Собр.соч. в пяти томах.-Т.1-Алма-Ата, 1961. – С.222.)

1718ж. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін жоңғар шапқыншылығы бұрынғыдан да үдей түсті. Сонымен қатар ел ішінде төре ұрпақтарынан шыққан хандар мен сұлтан­дардың хан тағына таласу озбырлығы Қа­­зақ хандығының бірлігі мен саяси-қоғам­­дық жағдайын әлсіретті. Соның негізінде бір ор­талықтанған хандық ыдырап,әрқайсы­­сы жекелеген Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз хандықтары пайда болды.

Сөйтіп, Қазақ елі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетінен үлкен күй­зеліске ұшырады. Алайда мұнымен жоңғар шапқын­шылығы тыйылмады.

1731 жылы Кіші жүз Ресейдің бодан­ды­ғын қабылдады, Ұлы жүз жерін 1735ж. Жоң­ғария хандығы басып алып, өзінің саяси билігін орнатты.

Сонымен, ұлттық тәуелсіздік жолын­дағы күрестің бар ауыртпалығы Орта жүзге түсті. Осы кезеңде қолбасшылық қабілеті­мен Абылай сұлтанның аты шықты, ал Қа­зыбек би халықтың жалпы патриоттық күресінің нақты басшысы болды. Тарихи оқиғалар қарапайым халық ортасынан шыққан Қазыбек Қелдібекұлын өз дәре­жесіне көтерді. Сонымен бірге Қазыбек би бей­біт өмір үшін күрескер дипломат та болды.

Қаз дауысты Қазыбек Анна Иоанқы­зы­ның (1730-1740) патшалық құрған кезінде қазақ елінің Ресейдің қол астына кіруіне Арғын руының атынан патшаға сенім біл­дірген (Казахско-русские отношения…, 647, 648бб.; Абылай хан. Өмірі мен қыз­ме­тіне қатысты құжаттар мен материал­дар­­дың жинағы. Петропавл, 2005.352, 353 бб.).

Осы пейілінен қайтпаған көреген би 1741 жылы Елизавета Петрқызының патша тағына отыруына байланысты Ор (Орск) бекінісіндегі тайный советник, сенатор Неплюевке ант беруге барған Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға өзі­не қарайтын ел ағаларын қосып, жазған хатында Арғын руының атынан ант беруге дайын екендігін білдірген. (Казахско-русские отношения…, 648б.; «Абылай хан…» Көрсетілген жинақ. 352-353 бб.).

Ресей императоры тағына Екатерина Алексейқызының отыруына байланысты Қазыбек би қыс айының қатты болуымен және өзінің жасының (96) ұлғайғандығына байланысты ант беруге бара алмаған. Омбы бекінісіне жіберген өзінің баласы Сырымбет би мен немере інісі Отарбай бастаған Ар­ғын-Қаракесек ұлыстарының көрнекті он адамы Қазыбек би үшін, басқа да ел ағалары үшін 1762 ж желтоқсанның 15-22 күндері Сібірдің генерал-губернаторы міндетін атқарушы Фрауендорфқа ант берген.

Осы жолы Фрауендорф Қазыбек биге: «Қазыбек бидің Ресей мемлекетіне адалдық көрсетіп, ықыласпен ант бергені патша­мыздың назарынан тыс қалмайды…» деп хат жазған. («Абылай хан…», 351-353 бб.).

Бар өмірін өз халқының еркіндігі мен тәуелсіздігіне арнаған Қаз дауысты Қазыбек Ресей әкімшілігімен қатынаста белсенділік танытып, тұрақты байланыста болуға қыз­мет етті. Оны 1744-1745 жылдары Орын­бор өлкесінің сол кездегі билеушісі И.Неп­­люевке жазған екі хаты дәлелдейді (Мәмбет Қойгелдиев. Қаз дауысты Қазыбектің екі хаты Қазақ әдебиеті, 1 қаңтар 1989 жыл; Қа­зақтың ата заңдары. Құжаттар, деректер және зерттеулер. 10 томдық. 1-т. Алматы: Жеті Жарғы, 2004; //Мәмбет Қойгелдиев. Қаз дауысты Қазыбектың генерал-гу­бер­натор И.Неплюевке жазған хаттары. 419-424 бб.).

Бұл екі хаттың екеуі де қазақ елінің саяси өміріне тікелей қатысты келелі мәсе­лелерге байланысты жазылған.

Тарихи деректану ғылымы методо­ло­гиясының негізгі принципінің бірі – тарих­шы­лардың зерттеу жұмысына қатысы бар деректердің бірде-бірін тыс қал­дырмауды талап етеді. Оларды кешенді түрде бірімен-бірін салыстырып, то­лық­тырып, сыни тұрғыдан қарап пай­да­ла­нудың негізінде ғана қаралатын мәсе­ле мағынасының шындық тұрғысынан то­лық ашылатын­дығын тарихшылар жақсы білуге тиісті.

Кеңес дәуірі авторларының еңбектері, негізінен, XVI-XVIIIғғ. Ресейдің сыртқы саясаты мұрағатының «Киргиз-кайсац­кие дела» қоры материалдары негізінде баспа­дан шыққан «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках.Сб.документов и мате­риа­лов» (Алма-Ата,1961.) деген жинақтың кей­бір материалдары негізінде ғана жа­зылған. XVI-XVIIIғғ. Қазақтардың сауат­тылығы өзінің даму дәрежесінен алыс ке­зеңде елдің қоғамдық өмірі халықтың тұр­мыс-тіршілігі мен басынан кешкен та­рихи оқиғалары, оның ішінде жоңғар шап­қын­шыларына қарсы күресі т.б. ауыз әде­биеті шығармаларында (аңызға айналған әңгімелер, шежірелер мен толғауларда т.б.) бейнеленгені белгілі.

Мысалы, қазақ-жоңғар қатынастарына бай­ланысты Қаз дауысты Қазыбектің Жоң­ғар еліне қазақ елшілігін 3 рет басқарып ба­руы туралы деректік мағлұматтар оның ұр­пақтарында, осы күнге дейінгі шежіре­лер­де және ауыз әдебиеті нұсқаларында сақ­талған.Осы материалдар XX ғасырда 80-90-жылдарында баспадан жарық көрді.

Олар «Бес ғасыр жырлайды». Бес том­дық. Бірінші т. (Алматы:Жазушы, 1984); «Ел аузынан». (Құрастырушылар Б Адам­баев, Т.Жарқынбекова. Алматы: Жазушы, 1985); «Билер сөзі». (Құрастырушы Т.Кә­кішев. Алматы: Қазақ университеті, 1992), т.б. жи­нақтардан белгілі.

К.ЕСІМОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры

Sun
Sun
Оцените автора
Добавить комментарий