Қай халықтың болмасын тарихы елінің зердесінде өшпес із қалдырған аса көрнекті жеке тұлғалардың атымен тығыз байланысты. Тарихи ауқымды зор тұлғаларды дәуір туғызады.
Қазақ халқының сондай тұлғаларының бірі XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Қазақ хандығының ұлы үш биінің бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәмілегер, дипломат, шешен, азаттық күрестің көсемдерінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы.
Қаз дауысты Қазыбек 1667 жылы Сыр өңірінің Түркістан атырабында дүниеге келген. 1764 жылы Қарағанды облысының Семізбұғы мекенінен шамасы 16-18 шақырым қашықтықта Далба тауының түстік беткейінің Қарағайлы бұлақ деген жердегі жайлауында 97 жасында қыс айларының басында өмірден озған. Оның мүрдесін ақ жуып, арулап, былғарыға тігіп, қыс бойы төрт таған тасқа орнатылған сөренің үстіндегі киіз үйде аманат ретінде сақтап, көктем шыға үлкен ұлы Бекболат бастаған Арқаның 40 батыры мен ел ағалары қасиетті Түркістанға жеткізіп, әулие Кожа Ахмет Йассауи сағанасына жерлеген. (Стамболдың Ая София, Уфаның «Ғалия» медреселерінің түлегі Жайсақұлы Камалидденнің (1882-1954) қолжазба шежіресінен).
XVIII ғасырдың 23-25-жылдары қазақ халқына үлкен ауыртпалық әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті мен онан кейін 30-жылдары қайталанған жоңғар шапқыншылықтарынан елді аман сақтап қалу мақсатымен Қазыбек баба (оны ұрпақтары осылай атайды) өзінің ұрпақтары және бүкіл Бошан әулетімен Сыр бойынан Арқаға көшіп, Ұлытау, онан соң 40-жылдары Қарағанды облысының бұрынғы Егіндібұлақ ауданының Едірей, Үшқара, Арқалық т.б. жерлеріне қоныстанған.
Бабаның ұрпақтары осы өңірде бүгінгі күнге дейін мекендейді. Олардың жайлауы осы мекенмен жапсарлас Далба тауының өңірінен Баян тауының батыс бағытындағы Шідерті өзенінен өтіп, Ерейментауға дейінгі алқап болған. Кейіннен өрісі тарылған Сүйіндік елінің тілегі бойынша Қаз дауысты Қазыбектің ұрпақтары өздерінің жайлауын оңтүстікке Қарқаралы бағытына, Нұра өзеніне қарай ауыстырған (Жайсақұлы Камалидден.., көрсетілген дерек).
Қазыбек бидің аттары белгілі Тіленші, Алшынбай т.б. ұрпақтары осы жайлауда (Қарағанды облысының бұрынғы Ульянов ауданының Бабаев атындағы совхоз жері) отырғанда дүниеден қайтып, топырақ осы жерден бұйырған (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Қазақ шежіресі. Алматы: Жалын, 1993. 61б.)
Қаз дауысты Қазыбектің шыққан арғы тегі – Арғын тайпасының Қаракесек аталып кеткен Болатқожа елі, бергісі – қазақ халқына аты мәлім Шаншар абыз. Шаншар абыздан Қазыбектің әкесі Келдібек туады.
Шежіре деректеріне жүгінсек, Шаншар абыздың Есім ханның (1598-1645) алдында еңбегі мен беделі ерекше болған, Келдібектің өзі болса, Қаракесек ғана емес, бүкіл Арғын еліне билік айтар қазы болыпты…(Сәрсекеев М. Тарақты және Қаракесек шежіресі. Алматы: «Атамұра», 1995, 68-69 б.).
Келдібекұлы Қазыбектің өзі туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер мен бидің өзінен жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрін ата жолы заңдарын мейлінше меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын көрсетеді (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.5. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2003, 457 б.).
Тәуке ханның (1680-1718) Қаз дауысты Қазыбекті Орта жүздің бас биі етіп тағайындауына оның осы қасиеттері негіз болса керек. Қазыбек би әз-Тәуке тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі, кейін Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел басқарған кезеңдерде хандықты басқару ісіне жиі араласқан, ішкі-сыртқы саясатта хандарға ақыл-кеңес беріп отырған терең ойлы би болды.
Бұл тұжырымды Сібір губернаторы міндетін атқарушы генерал-майор Фрауендорфтың Ресейдің сыртқы істер алқасына (коллегиясына) 1753 ж. 11 наурызда жазған мәлімдеме-хатындағы пікірі толықтыра түседі. Осы деректе: «Қазыбек би бүкіл Орта жүздегі ең басты би болып табылады.Оған Әбілмәмбет ханның өзі, сондай-ақ Абылай сұлтан, басқа да ұлыстардың сұлтандары мен ел ағалары әрқашан да келіп, әртүрлі кеңестер алады, тіпті Қазыбек бидің келісімінсіз Орта жүзде бірде-бір маңызды мәселе шешілмейді екен», – деп жазылған (Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках.Сб. документов и материалов. Алма-Ата, 1961. С.648; Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар жинағы.Петропавл: ЖШС Астана, 2005 ж., 352 б.).
Қаз дауысты Қазыбек мемлекет істерімен қатар, ру ішінде немесе ру аралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Мәселен, 1748 ж. тамыз айында болған Әбілқайырдың өлімінен кейін кек алмақ болған оның балаларынан сескеніп Орта жүздің Арғынына арқа сүйемек болған Барақ сұлтанға, оның жақын кеңесшісі бола тұра Қазыбек би: «біз сен үшін Кіші жүзбен айтыспаймыз» деген екен (Орынбор ОММ.
3-қ. 1-т.,2-іс, 248-249 пп.).
Ел ішінде қара қылды қақ жарған, алты алаштың ардағы аталған Қаз дауысты Қазыбек бидің бұл Орта жүз бен Кіші жүз араларын ушықтырмай, мәмілеге келтіру арқылы олардың бірлігін сақтауды мақсат еткен даналығын көрсетеді. Сөйтіп, Барақ сұлтанның кінәсін қарау мәселесі билер сотына тапсырылыпты.
Қаз дауысты Қазыбек өмір сүрген та-лас-тартыс пен дауға толы күрделі заманда оның Қазақ хандығының ішкі саясатында атқарған қызметінің басты мақсаты – қазақ елінің бірлігі мен ынтымағын сақтап, бір орталыққа біріккен мемлекеттігін нығайта түсу болған.
Бұл саясатты жүзеге асыруда Тәуке ханның басшылығымен қабылданған «Жеті Жарғының» тарихи маңызы ерекше болды.Осы заң жинағының дайындалуына Қазыбек бидің атқарған қызметі көңіл аударарлық.
Қаз дауысты Қазыбектің «Жеті Жарғыны» дайындаудағы ерекше қызметін оның қызы Қамқа (Манқап) әкесіне арнаған жоқтауында:
– Қазаққа деп заң жасап,
Қазыбектің қасқа жол,
Артында мирас қалғаны.
Шариғат айтқан жол емес,
Законға тағы қол емес,
Соларменен бірдей ғып,
Қазаққа бір жол салғаны, – деп жырлаған (Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. Алматы: Жалын, 1991, 152 б.).
Қамқаның осы күнге дейін бізге келіп жеткен осы жоқтау жыры Қаз дауысты Қазыбектің өмір тарихының баға жетпес құнды тарихи дерегі екендігін мойындауымыз керек.
Қамқаның әкесіне арнаған жоқтау жыры Қазыбек бидің «Жеті Жарғыны» дайындауда қандай рөл атқарғанын аңғартады.
Дана би Қазыбектің «Жеті Жарғыны» дайындаудағы парасат қабiлеті мен білімі туралы этнолог, профессор Ж.Артықбаев: «Ол (демек Қазыбек би – Қ.Е.) өзіне дейінгі билік жолдарымен толық танысып, сонау Ғұн дәуірінен, тіпті Сақтан бастау алатын көпшілік ортасындағы құқық дәстүрін игеріп, сонымен қатар әдет-ғұрып заңдары мен шариғат арасындағы күрделі байланыстар мен қайшылықтарды да шешу мүмкіндігіне ие болды» деген тұжырым жасайды (Жамбыл Омари. Қаз дауысты Қазыбек би. Астана: Фолиант, 2000, 135б.).
Сөйтіп, «Жеті Жарғыда» Қазақ хандығында ел басқару жүйесі идеясының негізі жасалып, халқымыздың тарихи болашақ тағдырына жол көрсеткен маңызы ерекше құжат болды.
Қазыбек би қазақ елінің сыртқы саясатында, әсіресе, қазақ-жоңғар қатынастарында елші ретінде ерекше белсенділік танытып мәмілегер, дипломат болғаны қазақ халқына белгілі. Ел ішінде сақталып, аңызға айналған әңгімелер мен шежіре мағлұматтарында қалмақ пен қазақ арасындағы болған шапқыншылықты бітістіру мақсатында Қаз дауысты Қазыбектің қонтайшыға елші ретінде 3 рет барғаны баяндалады.
Оның алғашқы елшілік сапары 1681-1684 жылдары жоңғарлардың қонтайшысы Қалдан Бошоқту уақытында Жетісу мен Сыр бойына салған ойранынан соң Арғын ішінде Сүйіндік руының Айдабол ұрпағы Тайкелтір би басқарған елшілермен бірге болған. Кейбір авторлардың пікірінше, сол кезде Қазыбектің жасы 13-14-те еді деп жазып жүр. Бұл – жаңсақ пікір. Өйткені Қамқа әкесін жоқтауда:
– Белгілі шығар Алашқа
Қоңтажыға барғаның.
Он сегізде сол күнде,
Қалмақты сынға алғаның.
Қазақты жоқтап қалмақтан,
Араға сөзді салғаның:
Қалмақтың ханы Қоңтажы
Жауаптан ұстап алғаның.
Босатып едің, жан әкем,
Тұтқында қазақ қалғанын.
Талап алған шабынды,
Қайтарып алдың бар малын.
Олқысыз тоқсан жесірді,
Сол жерде анық алғаның.
Қалмақ пен қазақ бас қосып,
Екі ұдай болған тобында
Алдыңа бір жан салмадың, – деп жырлаған.
(Ахмет Байтұрсынов… көрсетілген еңбек, 151б.).
Қаз дауысты Қазыбектің жоңғар хандығына барған осы елшілік ерлігіне Шоқан Уәлиханов өзінің «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген мақаласында жоғары баға берген еді.(Валиханов Ч.Ч.Собр.соч. в пяти томах.-Т.1-Алма-Ата, 1961. – С.222.)
1718ж. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін жоңғар шапқыншылығы бұрынғыдан да үдей түсті. Сонымен қатар ел ішінде төре ұрпақтарынан шыққан хандар мен сұлтандардың хан тағына таласу озбырлығы Қазақ хандығының бірлігі мен саяси-қоғамдық жағдайын әлсіретті. Соның негізінде бір орталықтанған хандық ыдырап,әрқайсысы жекелеген Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз хандықтары пайда болды.
Сөйтіп, Қазақ елі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетінен үлкен күйзеліске ұшырады. Алайда мұнымен жоңғар шапқыншылығы тыйылмады.
1731 жылы Кіші жүз Ресейдің бодандығын қабылдады, Ұлы жүз жерін 1735ж. Жоңғария хандығы басып алып, өзінің саяси билігін орнатты.
Сонымен, ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрестің бар ауыртпалығы Орта жүзге түсті. Осы кезеңде қолбасшылық қабілетімен Абылай сұлтанның аты шықты, ал Қазыбек би халықтың жалпы патриоттық күресінің нақты басшысы болды. Тарихи оқиғалар қарапайым халық ортасынан шыққан Қазыбек Қелдібекұлын өз дәрежесіне көтерді. Сонымен бірге Қазыбек би бейбіт өмір үшін күрескер дипломат та болды.
Қаз дауысты Қазыбек Анна Иоанқызының (1730-1740) патшалық құрған кезінде қазақ елінің Ресейдің қол астына кіруіне Арғын руының атынан патшаға сенім білдірген (Казахско-русские отношения…, 647, 648бб.; Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы. Петропавл, 2005.352, 353 бб.).
Осы пейілінен қайтпаған көреген би 1741 жылы Елизавета Петрқызының патша тағына отыруына байланысты Ор (Орск) бекінісіндегі тайный советник, сенатор Неплюевке ант беруге барған Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға өзіне қарайтын ел ағаларын қосып, жазған хатында Арғын руының атынан ант беруге дайын екендігін білдірген. (Казахско-русские отношения…, 648б.; «Абылай хан…» Көрсетілген жинақ. 352-353 бб.).
Ресей императоры тағына Екатерина Алексейқызының отыруына байланысты Қазыбек би қыс айының қатты болуымен және өзінің жасының (96) ұлғайғандығына байланысты ант беруге бара алмаған. Омбы бекінісіне жіберген өзінің баласы Сырымбет би мен немере інісі Отарбай бастаған Арғын-Қаракесек ұлыстарының көрнекті он адамы Қазыбек би үшін, басқа да ел ағалары үшін 1762 ж желтоқсанның 15-22 күндері Сібірдің генерал-губернаторы міндетін атқарушы Фрауендорфқа ант берген.
Осы жолы Фрауендорф Қазыбек биге: «Қазыбек бидің Ресей мемлекетіне адалдық көрсетіп, ықыласпен ант бергені патшамыздың назарынан тыс қалмайды…» деп хат жазған. («Абылай хан…», 351-353 бб.).
Бар өмірін өз халқының еркіндігі мен тәуелсіздігіне арнаған Қаз дауысты Қазыбек Ресей әкімшілігімен қатынаста белсенділік танытып, тұрақты байланыста болуға қызмет етті. Оны 1744-1745 жылдары Орынбор өлкесінің сол кездегі билеушісі И.Неплюевке жазған екі хаты дәлелдейді (Мәмбет Қойгелдиев. Қаз дауысты Қазыбектің екі хаты Қазақ әдебиеті, 1 қаңтар 1989 жыл; Қазақтың ата заңдары. Құжаттар, деректер және зерттеулер. 10 томдық. 1-т. Алматы: Жеті Жарғы, 2004; //Мәмбет Қойгелдиев. Қаз дауысты Қазыбектың генерал-губернатор И.Неплюевке жазған хаттары. 419-424 бб.).
Бұл екі хаттың екеуі де қазақ елінің саяси өміріне тікелей қатысты келелі мәселелерге байланысты жазылған.
Тарихи деректану ғылымы методологиясының негізгі принципінің бірі – тарихшылардың зерттеу жұмысына қатысы бар деректердің бірде-бірін тыс қалдырмауды талап етеді. Оларды кешенді түрде бірімен-бірін салыстырып, толықтырып, сыни тұрғыдан қарап пайдаланудың негізінде ғана қаралатын мәселе мағынасының шындық тұрғысынан толық ашылатындығын тарихшылар жақсы білуге тиісті.
Кеңес дәуірі авторларының еңбектері, негізінен, XVI-XVIIIғғ. Ресейдің сыртқы саясаты мұрағатының «Киргиз-кайсацкие дела» қоры материалдары негізінде баспадан шыққан «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках.Сб.документов и материалов» (Алма-Ата,1961.) деген жинақтың кейбір материалдары негізінде ғана жазылған. XVI-XVIIIғғ. Қазақтардың сауаттылығы өзінің даму дәрежесінен алыс кезеңде елдің қоғамдық өмірі халықтың тұрмыс-тіршілігі мен басынан кешкен тарихи оқиғалары, оның ішінде жоңғар шапқыншыларына қарсы күресі т.б. ауыз әдебиеті шығармаларында (аңызға айналған әңгімелер, шежірелер мен толғауларда т.б.) бейнеленгені белгілі.
Мысалы, қазақ-жоңғар қатынастарына байланысты Қаз дауысты Қазыбектің Жоңғар еліне қазақ елшілігін 3 рет басқарып баруы туралы деректік мағлұматтар оның ұрпақтарында, осы күнге дейінгі шежірелерде және ауыз әдебиеті нұсқаларында сақталған.Осы материалдар XX ғасырда 80-90-жылдарында баспадан жарық көрді.
Олар «Бес ғасыр жырлайды». Бес томдық. Бірінші т. (Алматы:Жазушы, 1984); «Ел аузынан». (Құрастырушылар Б Адамбаев, Т.Жарқынбекова. Алматы: Жазушы, 1985); «Билер сөзі». (Құрастырушы Т.Кәкішев. Алматы: Қазақ университеті, 1992), т.б. жинақтардан белгілі.
К.ЕСІМОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры