ЕГІЗДЕР МИФОЛОГИЯСЫ

Миф арқылы тарихты тану

Егіздер мифі дегеніміз – санаткерлер (культурные герои) немесе ілкі адамдар, көбінесе белгілі бір ру-тайпаның түп-аталары ретінде бейнеленген екі немесе егіз пенделер туралы мифтер. Оның жеке мифтік тақырып, бейненің жеке категория ретінде жеке-дараланып көрсетілуін біз осындай түсініктердің арғықазақ мифологиясында аса маңызды орынға ие болуына қарап алдық.

Егіздер мифтері – әлем халықтарының мифологиялық дәстүрінің қай-қайсысында болмасын, белгілі бір дәрежеде қалыптасып, дамыған. Барынша молырақ зерттелінгені -үндіеуропалық мифологиядағы егіздер мәселесі, сондықтан зерттеушілер арасында егіздік мифологияның тек осы дәстүрде ғана дамығандығы жөнінде біржақты түсінік қалыптасқан.

Әлішер Ақышев өзінің сақтар мифологиясы туралы іргелі еңбегінде ежелгі Орта Азиядағы “егіздер культінің” кең таралғандығын жазады: “Культ богов-близнецов настолько распространен у народов Средней Азии, что Александр Македонский, находясь в Мараканде во время праздника Диониса, принес жертву не этому богу, а Диоскурам -близнецам – демиургам эллинских мифов”385. Бұл жерде, автордың “үндіеуропалық” делінетін мифтік дәстүрлердегі егіздік мысалдарына кеңінен тоқталғанын атап көрсете отырып, сондай келтірімдердің арғықазақтарға да тән екендігін тағы да еске салғымыз келеді.

Қазақ мифологиясындағы егіздік мотивті, оның үнді-еуропалық егіздер туралы мифтік түсініктермен астасып жатқандығын тек жалпы егіздік немесе екі кейіпкердің қатар қолданылуының фольклорлық мысалдарын жинақтап қарастырғанда ғана анықтауға болады.

Неліктен Орта Азияда “егіздер культі” үстем болған? Осыны тек үндіирандық немесе ирандық мифтегі егіздер туралы келтірімдермен түсіндіруге бола ма? Мүмкін, осының басқадай да, зерттеушілер мүлде назар аудармаған себептері бар шығар?

Қазақ фольклорында:

– ерен міндетті түрде (мәтінде бұл тұстардың жоғалғанына, ұмытылғанына, айтылмай не көмескіленіп қалғанына қарамастан) егіз болып (қыз бен ұл) туады, жорыққа да екеу болып аттанады.

– Ерен міндетті түрде екі әйел (екі қызды әйелдікке) алады.

– Шежірелерде, әсіресе шежірелердің жоғарғы сатысындағы ата-бабалардың ұрпағы міндетті түрде екеу-екеуден болады.

Басқа мысалдар да бар.

Егіздер мифологиясын кейіптік-тұрпаттық сипатына қарай мынадай тармақтарға бөлуге болады.

– Егіз туған қыз бен ұл. Егіздердің – қыз бен ұлдың қан араластыруы (көбіне қыздың ұсыныс-үгіттеуіне байланысты), яғни инцест оқиғасы басқа мифтік дәстүрлерде бар, сондықтан осындай ежелгі түсініктердің ізін арғықазақ мифологиясынан да іздестіріп көрудің қисыны бар.

– Егіз туған екі ер бала. Бұлар дуалистік қарсыластар (абсолютті де, жай да) және біріне-бірі қарсы шықпай, бірін-бірі толықтырып, функциялар бөлісетін (дос, айырылмас одақтас) екеу түрінде суреттеледі.

– Егіз туған екі қыз бала. Бұлардың сипаты да егіз ер балаларға ұқсас болады. Көбіне-көп біртұтас бейне ретінде суреттеледі.

– Егіз туған мақұлық тұрпаты (зооморфты). Бұлардың сипаты да егіз ер балаларға ұқсас болады. Көбіне-көп біртұтас бейне ретінде суреттеледі.

– Егіздер-андрогиндер386.

Адамның кіндігін оның егізі деп түсіну түркі мифологиясына тән болған, мысалы, Ұмайдың туынды мағынасы “жолдас” (послед) деп түсінілген, осындай түсінікті зерттеушілер африкалық бағанда тайпасының мифтік келтірімінен де көрсетеді. Послед -ана құрсағынан шыққан нәрестеден кейін шығатын плацента, жолдас және кіндіктің жалпы атауы. Қазақ тілінде бұны “жолдас”, “перде” деп те атайды, бұл оның адамның екінші жағы, егізі екендігін көрсетеді.

Егіздердің дүниеге келуі, жалпы егіздердің болуы ежелгі, алғашқы қауымдағы адамдар үшін ғажап құбылыстығымен қатар аса күшті үрей, қорқыныш туғызатын оқиға, құбылыс болған. Егіздер мен олардың ата-аналары қауіпті, зұлым ниетті (өлім тасушы күш) болып түсінілген.

Бірте-бірте адамзат егіздікті киелі деп түсіне бастады; егіздерді және олардың ата-аналарын әлдебір тылсым астам күштермен байланысқан пенделер деп қабылдады.

Бұрынғы ғұрып – егіздер мен оның ата-анасын (көбіне-көп шешесін) ру-тайпадан, яғни қауымнан аластау, шығарып жіберу, қуып жіберу әуел бастағы қорқыныштан туындаған болса, ендігі сатыда оларды құрметтеуге байланысты бола бастаған. Мысалы африкалық герероларда егіз туған “нұрлы” ата-ана ауыл сыртындағы жеке үйге көшіріледі, бұл жерде бастапқы қорқыныштан туған аластау жоқ, тек егіздікті – тылсым керемет пен қасиет деп түсінетін құрметтеушілік бар.

Қазақ ертегілерінен сақталған, ханның тоқалын “екі күшік” туды деп аластап жіберудің арғы жағында осындай ежелгі архаикалық тұрып жатыр.

Егіздер, әдетте, қатар аталатын, жеке-жеке түстелмейтін екі пенде түрінде суреттеледі. Яғни олардың “егіздігі” жөнінде фольклорлық материалдарда сөз қозғалмайды. Дегенмен осындай кейіпкерлердің қатынасатын оқиғаларының жалпы ауанына қарай олардың о баста егіздер болып есептелгендігін аңғаруға болады. Мәселен, екі әйел, екі пері қызы, Қаныкей мен Тінікей, екі шал, екі пері, екі мақұлық… Осылардың барлығы да, фольклорлық материалдарда тек екеу екендігінен басқа ештеңе сақталмағанның өзінде де, көне мифтегі егіздер болып табылады. Қазақ ертегілерінде сақталған “басы алтын, арты күміс”, “басы күміс, арты алтын”, “бір кекілі алтын, бір кекілі күміс” сияқты бір адамға берілген сипаттамалардың арғы жағында мифтік егіздік түсініктері жатыр. Бұл мысалдардағы түстік ала-құлалықтың (алтын мен күміс) өзі егіздік келтіріммен сабақтасып жатыр. Мысалы, егіздер мифімен және егіздер культімен байланысты африкалық ғұрыптарда пенденің беті мен денесінің әр жағын әртүрлі (қара және ақ түс) бояумен бояп қою үрдісі бар. Мұндағы қара және ақ түстер егіздерді, екі пенделікті білдіреді.

Егіз балалар арасындағы бақталастық туа салысымен басталады, дуалистік мифтерде, әдетте, бір бала барлық жақсы сипаттар мен қасиеттерге ие болады, жақсы жасампаздықты істейтін де сол бала болады, ал екіншісіне жаман қасиет пен жаман жасампаздық меншіктеледі. Осындай мифтер Сібір, Қиыр Шығыс, Солтүстік Америка, т.б. халықтардың дәстүріне тән. Мұндай мысалдарды Алтай мен Саянның түркілерінің мифологиясынан да табуға болады.

Егіздердің – қыз бен ұлдың некесі туралы түсінік егіздер мифологиясындағы екі мифологиялық қарама-қарсылықты біріктіру, тұтастандыруды паш етудің бір формасы болып табылады; мұндағы қарама-қарсылықтың бірін қыз, екіншісін – ұл тұрпаттайды.

Егіздер туралы түсініктердің трансформациялану барысында тәңіртекті егіздер арасындағы антагонизм көмескіленіп, бірте-бірте жоғалып кетеді. Кейінірек мифтен егіздердің біреуі алынып тасталынады. Мысалы, грек мифіндегі Прометейдің егізі саналатын Эпиметейдің мифтегі орны болмашы ғана, оның “егіздігі” айтылып өткені болмаса басқа ештеңе сақталмаған. Сол сияқты өзгерісті парсы эпикалық ерені – Жәмшит (Джамшид) бейнесінен көруге болады; оның аты “егіз-патша” деп аударылғанымен, егіздік сипат көмескіленіп, жойылып кеткен.

Кейбір дуалистік егіздер мифінде егіз-ағайындар бір-біріне жау-антогонист түрінде емес, жай ғана белгілі бір екі бастауды тұрпаттайтын пенделер ретінде көрсетіледі. Мысалы, ру-тайпаның екі бөлігі осындай егіз балалардың ұрпақтары болып есептелуі – жиі кездесетін түсініктің қатарына жатады. Осындай мысалды солтүстік америкалық үндістердің зуни тайпасынан көруге болады; ол екі фратрияға – қыс және жаз адамдарына бөлінген. Осы екі фратрияға негіз болған егіздер санаткерлер ретінде әрекет істейді, адамдарды үңгірден шығарып, оларға азық-түлік пен қару-жарақ береді. Осы типті егіздер көбіне-көп бірінің қызметін бірі атқарады, екеуі де адамға пайдалы қызмет етеді. Бірақ осы типті егіздер мифінен, әдетте егіздер арасындағы жауластық туралы архаикалық түсініктердің іздері табылып жатады.

Sun
Sun
Оцените автора
Добавить комментарий